Алматының Алмалы аудандық сотында АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиевтің соты өтіп жатыр.
“За нами выехали” телеграм-арнасының жазуынша, оған “Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу” (172-бап) бабы бойынша айып тағылған. Сотта оның мүддесін адвокат пен әкесі қорғап жатыр.
Биыл жыл басында Азаттық қазақстандық Тимур Пірәлиевтің Мексика жағынан Рио Гранд өзені арқылы Техасқа қарай заңсыз өтпек болғанда ұсталғанын жазған. Оның қолында қазақстандық және ресейлік төлқұжат болған.
Пірәлиев АҚШ-та қамалған. Жауап алу кезінде Пірәлиев ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындаған. Ресейде ол "Защитники Отечества" қорынан ардагер куәлігін алған.
Жыл басында әкесі Азаттыққа ұлын 2014 жылдан бері көрмегенін айтқан еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оның Америкада қалғанын қалар едім". АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиев туралы не белгілі?
Азаттық бұған дейін де Украинада "Вагнер" құрамында соғысқан қазақстандықтар туралы жазған, олардың кейбірі сотталған, кейбірі қаза болған, кейбірі хабар-ошарсыз кеткен. Қазақстан азаматтары басқа елдегі қарулы қақтығысқа қатысса қылмыстық жауапқа тартылады.
Былтыр Украинадағы соғыста “Вагнер” қатарында соғысқаны үшін Алматы облысының 50 жастағы тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылған.