Threads желісінде қазақтар мен мұсылмандардың намысын қорлайтын комментарий жазды деп айыпталған Алика Мұхамедиеваға прокурор 4,5 жыл түрме сұрады. 17 қазанда Қарағандыдағы сот процесі кезінде жарыссөз өтті.
Прокурор Фарида Садуованың айтуынша, айыпталушының кінәсі дәлелденген. Айыптау жағы оған жаза сұраған кезде оның өкінгенін және екі жасар қызы барын ескергенін айтты. Прокурордың сөзінше, жазаны орындау төрт жылға шегерілуі мүмкін.
Ал қорғау жағы айыпталушыға бостандықты айыру жазасымен байланысты емес жаза түрін қолдануды яғни, айыппұл немесе бостандықты шектеуді сұрады. Адвокаттың сөзінше, егер сот мұны мүмкін емес деп санаса, жазаны орындауды кейінге шегеруді сұрады.
Іс материалдарына қарағанда, Threads-те "Алика Августова" деген никпен тіркелген 22 жастағы Мұхамедиева "азаматтардың діни және ұлттық сезімін қорлайтын", "қазақтар мен мұсылмандардың абырой-намысына тиетін" сөздер жазған.
Мұхамедиева сотта тағылған айыпты мойындайтынын және өкінетінін жеткізді. Ол өзі "ренжіткен адамдардан, қоғамнан қысылып тұрғанын" айтты.
Ұсталғанға дейін кәсіпкер Қытайдан тауар тасып бизнеспен айналысқан.