Алматыда АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиевке үкім оқылды

Тимур Пірәлиев

Алматыда АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиевке үкім оқылды. “За нами выехали” телеграм-арнасының жазуынша, “Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу” (172-бап) бабы бойынша айыпталған Пірәлиев 5 жыл түрмеге кесілді.

Алматы қалалық соты әзірге үкімге түсініктеме бермеді. Алматы қалалық соттың баспасөз қызметінің өкілі Гүлжанат Әзімбаева өзінің жұмыста емес екенін айтып, басқа қызметкерге хабарласуды өтінді. Бірақ оның телефонын берген жоқ.

Биыл жыл басында Азаттық қазақстандық Тимур Пірәлиевтің Мексика жағынан Рио Гранд өзені арқылы Техасқа қарай заңсыз өтпек болғанда ұсталғанын жазған. Оның қолында қазақстандық және ресейлік төлқұжат болған.

Пірәлиев АҚШ-та қамалған. Жауап алу кезінде ол ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындаған. Ресейде ол "Защитники Отечества" қорынан ардагер куәлігін алған.

Арнаның жазуынша, Пірәлиев Ресей азаматтығын 2023 жылы алған. Санкт-Петербургте жүрген кезінде “Вагнердің” соғысқа адамдар алып жатқаны туралы хабарламасын көрген. "Вагнер" айына "қомақты ақша төлеуге" уәде берген. Тиісті процедуралардан өтіп ол Украинаның шығысындағы Луганскіге барған. Ол жақта байланысшы болып жұмыс істеген.

Арнаның жазуынша, 2024 жылы ол әскери қимылдарға қатысқаны үшін медаль алып, демалысқа шыққан. Тапқан ақшасына "емделу үшін Беларусь, Африка мен Америкаға барған". Америкада ұсталып, 2025 жылы мамырда көші-қон офицерлерімен бірге Алматыға жеткізілген.

Жыл басында әкесі Азаттыққа ұлын 2014 жылдан бері көрмегенін айтқан еді.

Азаттық бұған дейін де Украинада "Вагнер" құрамында соғысқан қазақстандықтар туралы жазған, олардың кейбірісотталған, кейбірі қаза болған, кейбірі хабар-ошарсыз кеткен. Қазақстан азаматтары басқа елдегі қарулы қақтығысқа қатысса қылмыстық жауапқа тартылады.

Былтыр Украинадағы соғыста “Вагнер” қатарында соғысқаны үшін Алматы облысының 50 жастағы тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оның Америкада қалғанын қалар едім". АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиев туралы не белгілі?