Кіріс комитеті Нұрбол Назарбаевтың өзін банкрот деп тануға өтініш бергенін растады

Нұрсұлтан Назарбаев, Нұрбол Назарбаев және оның әкесі Болат Назарбаев.

Болат Назарбаевтың ұлы 41 жастағы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды сұрап, арыз түсірген. Мемлекеттік кірістер комитеті мұны Азаттыққа растап, іс қаралып жатыр деді. Қазақстандық басылымдардың жазуынша, кіші Назарбаевтың 58 млрд теңгеге жуық қарызы бар. Қазір есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынған.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Гүлжан Қалменова әзірге шешім шықпады, іс қаралып жатыр деді. Сот кабинетінде Нұрбол Назарбаев 9 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық сотына банкроттық бойынша шағымданғаны, кейін іс қозғалғаны жайлы ақпарат тұр. Бірақ процесс қай күнге белгіленгені белгісіз.

Қыркүйектің басында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевты сотқа берген. Сот өткен, бірақ оның нақты мазмұны мен мән-жайы жарияланбады. Прокуратура істің құпия екенін айтып, қандай айыптар тағылғанын және қандай активтер тәркіленгенін түсіндірген жоқ. Белгілісі — Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңге көлеміндегі мүліктен айырылып, мемлекет пайдасына қайтаруға міндеттелген.

Жақында мәжіліс депутаты Ринат Зайыт осы мәселені көтеріп, бас прокурорға сауал жолдады. Ол кіші Назарбаевқа қатысты сот шешімін беймәлім қалғанын айтып, Берік Асыловтан кейбір ақпаратты ашық жариялауды талап етті.

Нұрбол Назарбаев туралы жаңалықты таратқан Shishkin_like арнасының негізін қалаушы Дмитрий Шишкин "Назарбаев өзін банкрот деп бекер сұраған жоқ" дейді. Оның сөзінше, өзін банкрот деп тану арқылы ол қазіргі жағдайынан гөрі, болашағын ойлап отыр.

"Бұл оқиғадағы ең қызықты деталь, [Нұрбол] Болат Назарбаевтың үлкен ұлы ретінде жалғыз мұрагер саналады. Ал Болат Назарбаевтың мұрасы әлі күнге дейін үлестірілген жоқ. Құқықтық жағын біле бермеймін, бірақ, егер Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп жариялайтын болса, меніңше, ол алаңсыз әкесінің мұрасына ие болады. Кедей адам үшін банкроттықтың салдары ауыр, әрине. Алайда байлар үшін олай емес. Иә, ол бес жылға дейін несие ала алмайды, жеке кәсіпкер ретінде де жұмыс істей алмайды. Бірақ белгілі бір деңгейде табыс тауып, ірі сатып алулар жасайды" деді Шишкин Азаттыққа.

Болат Назарбаев — Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі. Ол 2023 жылы 70 жасында қайтыс болған. Оның ұлы Нұрбол Еңбек жолын құқық қорғау органдарынан бастаған. Әуелде прокуратура, кейін ішкі істер саласында істеген. 2011-2017 жылдар аралығында Алматы облысы ішкі істер департаментінде басшы қызметте болған. Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы мамыр айындағы есебі бойынша, Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 57-орында тұр. Нұрбол Назарбаев Алматы және Алматы облысында бірнеше компанияға иелік етеді. Негізгісі — Prime cap.

Adata.kz-дегі дерекке қарағанда компания жабылу процесінде. Сондай-ақ оның атында жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын кәсіпорындар, жер телімдері, арақ-шарап өндіретін зауыт, қаржы қызметін көрсететін кәсіпорын, құс фабрикасы мен құрылыс компаниясы бар. Кейінгі жылдары Нұрбол Назарбаевты рейдерлік жолмен кәсібімізді тартып алды деп айыптағандар да болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұрбол Назарбаевқа қарсы Астанадағы соттың мән-жайы неге құпия?