Шығыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы Күршім ауданы Маралды ауылындағы сегіз бас сиыр неден өлгені алғашқы сараптамада анықталмағанын хабарлады. Кеше, 6 қазанда ауылдағы мәдениет үйінде халықпен кездескен мекеменің өкілдері осыны айтып, зерттеуді тағы 15-20 күнге созатынын мәлімдеді. Жергілікті жұрт "алтын өндіретін зауыттың кесірі тиді деген күдігіміз қоюлана түсті" деп, мамандардың қорытындысына наразылық білдірді.
Сараптама нәтижесіне қарағанда, әкімдікке қарасты мекеменің мамандары өлекселерден улану белгісі байқалмайды деп топшылайды.
– Зерттеу нәтижелері бойынша сібір жарасы, пастереллез және эмфизематозды карбункул сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулардың белгілері анықталмаған. Токсикологиялық тексеру де улану фактілерін көрсетпеді, тек натрий хлориді мөлшерінің аздаған артықтығы байқалды. Қазіргі уақытта мамандар малдың өліміне нақты не себеп болғанын анықтау мақсатында жем-шөпке, су мен топыраққа және биоматериалдарға қосымша зерттеу жүргізуді әлі де жалғастырады, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.
Залға жиналған халық "нақты жауап айта алмай, малдың цианидтен уланғанын жасырып отырсыңдар" деп шулады.
Кездесуге келген Маралды ауылының тұрғындары.
– Малдың уланып өлгені белгілі. Ішегі қызарған, асқазаны да қып-қызыл болып былжырап тұр. Халық уланғанын біліп отыр, – деді ауыл тұрғыны Нұрбол Бексұлтанов жиында.
19 қыркүйекте ауыл іргесіндегі цианидпен алтын өндіретін зауыт маңында сегіз бас сиырдың өлексесі табылған. Мал иелері жайылымды кәсіпорынның қауіпті қалдықтары улады деп шу көтерді. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және ветеринария саласының мамандары сынама алған соң, Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлібеков жеті күнде жауабын айтамыз деген. 25 қыркүйекте санитариялық-эпидемиологиялық қызмет аумақтан рН деңгейі, қалқымалы заттар, аммоний, мұнай өнімдері, цианид, ауыр металдар және басқа да элементтер бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кету фактісі тіркелмеді деп мәлімдеді.
2024 жылы қарашада Маралды іргесінен ашық әдіспен алтын өндіретін зауыт іске қосылды. Оның құрылысы басталған 2022 жылдан бері ауыл адамдары тоқтатуды талап етіп келеді. Кәсіпорын құрылысы 2023 жылы бір рет доғарылып, қайта жалғасқан.
Халық цианид су мен шөпті улап, мал және ара шаруашылығына кесірін тигізеді және зауыттың тарсылы маңайдағы аң-құсты үркітеді деген. Кәсіпорынның экологтары "цианид қоспасы арқылы алтын өндірудің арнайы технологиясы енгізілді және халық алаңдағаннан соң, пайдаланылатын суды жерасты суына өткізбейтін геомембрана екі есе қалыңдатылды" деді. Ауылға барған Лаура Мәлікова, Светлана Могилюк сынды экологтар зауыт таудың басында тұр, көктемдегі қар суымен қауіпті қалдықтар ауылға ағып келуі мүмкін, бұл адамдарға да, жануарларға да қауіп төндіреді деген.
Маралды кен алқабын Maralicha-Gold тау-кен кәсіпорны барлады. Оған бұрынғы туризм және спорт министрі, Астананың экс-әкімі, бұрынғы президент іс басқарушысы, дүниеден өткен Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетовиелік етеді.
Ал фабриканы салып жатқан "ВСАМ Продакшнның" құрылтайшысы – WSAM Group Ltd деген компания. Оған Ли Вунг, Ли Хайлэн деген Корей инвесторларымен бірге Айдын Рамазанов иелікетеді. Egov деректеріне сәйкес, Айдын Рамазанов – Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнесте серіктес. Фабрика құрылысы басталғанда Ахметов облыс әкімі қызметінде болған. Ахметов Рамазановты танымайтынын, оның бизнесіне ықпал етпегенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маралды халқы алтын өндірісіне неге қарсы?