Тамыз айында Абай облысы Бестерек ауылында болған көлік оқиғасында жапа шеккен қыз бала ес жимастан қайтыс болды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Агенттіктің жазуынша, бала бір айдан астам уақыт комада жатқан.
"Кішкентай науқастың жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер оның өмірін арашалап қалуға тырысты. Бірақ алған жарақаттары тым ауыр болып шықты. Ол ес жимастан көз жұмды" деп келтірді агенттік аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының сөзін.
Қайғылы оқиға 19 тамыз күні болған. 55 жастағы жүргізуші көлігімен бір топ баланы қағып кеткен. Салдарынан үш бала қаза болып, үш бала ауруханаға жатқызылған. Жүргізуші ұсталып, қылмыстық іс қозғалған.
Жағдайға Қазақстан президенті араласып, оқиға орнына медициналық көмек үшін әскери ұшақ жіберілген. Кейін жапа шеккен екі бала Астанаға жеткізіліп, жасы үлкендеу қыз әуелі Үржар аудандық ауруханасына, кейін санитарлық авиация тікұшағымен Семейге жеткізілген.
Денсаулық сақтау министрлігі бір баланың жағдайы өте ауыр екенін сол кезде-ақ мәлімдеген. ҚазАқпараттың жазуынша, оқиғадан аман қалған Айерке мен Ерәділ Тұрсынғазы Астанада емделіп, үйіне қайтарылған, қазір оңалту курсын алып жатыр.