АҚШ: Кубалық мыңдаған адам Ресейге жалданып соғысып жатыр

Украинадағы майданда Ресейге жалданып соғысып жүрген мыңдаған Куба азаматы бар. Олардың саны 1 мың мен 5 мың аралығында. Бұл туралы америкалық дипломаттар мәлімдеді. Олар мұны БҰҰ Бас ассамблеясының Куба жөніндегі қарарын қолдауға үгіттеген елдерге қарата айтты. Қарар АҚШ-ты Кубаға қарсы сауда эмбаргосын тоқтатуға үндейді. Бұл эмбаргоның енгізілгеніне ондаған жыл болған.

АҚШ мемлекеттік департаменті америкалық елшіліктерге жолдаған телеграммасында Кубаның Украинадағы соғыста Ресейді қолдауы Вашингтонның осы қарарға қарсы тұруындағы негізгі себеп деп аталған. Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлады.

"Ресей агрессиясына жалдамалы сарбаз беріп отырған елдер арасында Солтүстік Кореядан кейін Куба тұр" делінген елшіліктерге жіберілген құжатта.

Рейтер агенттігінің жазуынша, Ресей әскеріндегі кубалық жалдамалылардың үлесі артып жатқанын кейінгі апталарда Украина өкілдері айта бастаған. Мәселен, Украина қорғаныс министрлігіне қарасты барлау басқармасының баспасөз хатшысы Андрей Юсовтың айтуынша, кубалық жалдамалылардың саны 20 мыңға дейін жетуі ықтимал, олардың ішінде 39 адамның қаза тапқаны расталған.

"Кубалық режим өз азаматтарын Ресей-Украина соғысында жай құрал болып қалудан қорғай алмады" дейді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі. Мәскеу Куба азаматтарының соғысқа қатысып жатқаны жайлы мәлімдемеге пікір білдірмеді.

Қарарға сәрсенбі күні дауыс беріледі.

Кубаға қарсы эмбаргоны алып тастауға үндейтін қарарды Бас ассамблея 1992 жылдан бері жыл сайын дерлік қабылдауда. Оның орындауға міндеттейтін күші жоқ. Былтыр бұл қарарды 187 ел қолдап, оған АҚШ пен Израиль ғана қарсы шыққан.

Дональд Трамп биыл АҚШ президенті қызметіне кіріскелі Вашингтонның Гаванаға қарсы ұстанымы қаталырақ бола түсті: Куба терроризмді демеуші елдер тізіміне кіргізілді.