Грузия ІІМ Тбилисиде "наразылықты ұйымдастырған 5 адамды ұстағанын" хабарлады

Тбилисидегі наразылық.

Грузияның ішкі істер министрлігі Тбилисиде наразылықты ұйымдастырған бес адамды ұстағанын хабарлады. Наразылық 4 қазанда елде жергілікті атқару органына сайлау өткен кезде болды.

"Эхо Кавказа" сайтының жазуынша, ұсталғандарға "Грузияның конституциялық құрылымын күштеп өзгертуге немесе билікті құлатуға шақырды", сонымен бірге "топ болып күш көрсетумен айналысты" деген айыптар тағылған. Бұл баптар бойынша 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Бірыңғай ұлттық қозғалыстың" мүшелері Ираклий Надирадзе, осы қозғалыстың саяси кеңесінің мүшесі Муртаз Зоделава, Грузияның қарулы күштері бас штабы төрағасының бұрынғы орынбасары Лаша Беридзе, "Стратегия Агмашенебели" партиясының бас хатшысы Паата Манджгаладзе және " "Руставели даңғылы" қоғамдық платформасының негізін қалаушы, опера әншісі Паата Бурчуладзе ұсталды.

Грузияның премьері, "Грузин арманы" партиясының төрағасы Ираклий Кобахидзе "билікті басып алу талпынысы" сәтсіз болды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, кейінгі төрт жылда "Ұлттық қозғалыс" бес рет "майдан ұйымдастырмақ" болған, билік оған "тиісінше жауап" берген.

Бұған дейін Грузияның денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі наразылық кезінде 6 демонстрант пен 21 полиция қызметкері зардап шеккенін хабарлаған.

4 қазанда Грузияда жергілікті атқару органына сайлау өткен; оппозиция күштері сайлауға бойкот жариялады. Арасында бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің партиясы да бар. Оппозицияның бір бөлігі "билікті бейбіт түрде құлату үшін" Тбилиси орталығына жиналатынын жариялады. Сенбі күні кешке наразылар Тбилисидегі президент сарайын басып алмақ болды. Демонстранттардың бір бөлігі президент сарайының ауласына кіре алды. Қоршау бұзылған. Арнайы жасақ бұрыш спрей, жас ағызатын газ, су шашу құралдарын пайдаланды.

Оппозициялық партиялар сайлауға бойкот жариялаған тұста басқарушы "Грузин арманы" партиясы сенімді түрде жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, "Грузин арманы" партиясына 81,7% дауыс берген. Тбилисиде партияны қолдаушылардың көрсеткіші 70% болды. Тбилиси, Рустави, Кутаиси, Батуми және Поти қалаларындағы мэрлер сайлауында да "Грузин арманы" кандидатары жеңіске жетті. Тбилисиде қазіргі мэр Каха Каладзэ 71,5% дауыс жинаған.