АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясындағы сөзінде "Ресей Украинадағы соғыстан еш пайда көрмеді. Бұл үш күндік атыс болады деген еді, бірақ үш жыл өтсе де олар әлі соғысып жатыр" деді.
Ол тағы да Ресей соғысты аяқтамаса "өте қатал" санкциялар салатынын айтып, Еуропа елдерін Ресейден мұнай-газ сатып алмауға шақырды.
"Еуропа өзіне қарсы соғысты өзі қаржыландырып жатыр. Бұл Еуропа үшін ұят. Олар тез арада Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтату керек. Бұл туралы бүгін сөйлесеміз. Ресейге санкция салсам, соғыс бірден бітер еді, бірақ Еуропа жасау керек ісін жасай алмай отыр" деді Трамп.
Бұған қоса АҚШ президенті Қытай мен Үндістанның Ресеймен экономикалық қарым-қатынасын меңзеп, бұл екі Украинадағы соғыстың "негізгі демеушілері" деп атады.
АҚШ президенті БҰҰ әлемдегі қақтығыстарды реттей алмады деп айыптады. Ол "БҰҰ-ның потенциалы жоғары, бірақ ұйым сол мүмкіндігін мүлде пайдаланбай отыр" деп санайды.
"Мен жеті соғысты тоқтаттым. БҰҰ маған мүлде көмектескен жоқ. БҰҰ-дан бар алғаным - жоғарыға шығып бара жатқанда тоқтап қалған эскалатор. Егер бірінші ханым (әйелі Мелани Трампты айтады) жақсы формада болмаса, құлап қалар еді. БҰҰ-дан алған екі нәрсе – жұмыс істемейтін эскалатор мен жұмыс істемейтін телесуфлер" деді Трамп.
АҚШ президенті БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеп тұрғанда телесуфлер сөніп қалған еді. Ол техникаға жауапты адам "мәселеге тап болады" деп те айтып қалды.
Британия, Австралия, Франция Палестинаны тәуелсіз ел деп мойындап жатқан тұста Трамп бұл қадамды ХАМАС ұйымына (АҚШ пен ЕО-да террорлық ұйым деп танылған) "сыйлық" дейді.
"Мен Газадағы қақтығысты аяқтауға тырыстым, бірақ ХАМАС бейбіт келісімге ұсыныстарды шетке қағып келеді. Палестина мемлекетін мойындау – 2023 жылы 7 қазандағы жауыздықты марапаттау. Бейбітшілікті қалайтындар бірігуі тиіс. Тұтқындарды қазір босатыңдар" деді ол.