Пхеньян "АҚШ-пен келіссөзге дайын, бірақ ядролық қаруынан бас тартпайды"

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын.

Солтүстік Корея АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын, бірақ ядролық қаруынан бас тартпайды. Бұл туралы Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Жалпыхалықтық жоғарғы жиналыстың 13-сессиясында мәлімдеді. Оның сөзін Reuters пен оңтүстік кореялық "Ренхап" агенттігі жазды.

"Егер АҚШ денуклеаризация деген бос талабынан бас тартып, қазіргі жағдайды қабылдап, Солтүстік Кореямен бірге бейбіт өмір сүргісі келсе, АҚШ-пен келіссөзбен бас тартуға негіз жоқ" деген Ким Чен Ын.

Солтүстік Корея лидері санкцияларға бола ядролық қарудан бас тартпайтынын, Солтүстік Кореяның ядролық держава статусы конституцияда бекітілгенін мәлімдеген.

Дональд Трамп 2018 және 2019 жылы Ким Чен Ынмен үш рет кездескенімен, нәтиже шықпаған. Пхеньян ядролық бағдарламасын сақтап қалды.