20 қыркүйекке қараған түні Ресей әскері Украинаның Днепропетровск облысына ракета және дрондармен соққы жасады. Бұл жөнінде облыстың әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак хабарлады.
Бір адам қаза болған, кемінде 26 адам зардап шеккен, 14 адам ауруханаға жеткізілген.
Днепрде бірнеше жерден өрт шыққан. Көп қабатты тұрғын үй, жеке үйлер, шаруашылық нысандар, гараждар бүлінген. Кәсіпорын аумағы қираған. Павлодарда кәсіпорыннан өрт шыққан. Никопольск ауданында дрон шабуылы нәтижесінде жеке үй өртенді.
Сенбіге қараған түні Киев, Николаев, Одесса, Хмельницк облыстарына соққы жасалды. 3 адам қаза болды деп хабарлады Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина қарулы күштерінің мәліметінше, Ресей әскері Украинаға 19 қыркүйек кештен бастап 579 дрон, 8 баллистикалық және 32 қанатты ракета жіберген.
Зеленский сенбі күні келесі аптада Нью-Йорктегі БҰҰ саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесетінін және Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру және Ресейге қарсы санкция мәселесін талқылайтынын айтты. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін де жеткізді. Бірақ "ол [Путин] дайын емес" деді Зеленский.