Вашингтон батыстағы одақтастар арқылы Украинаға тасымалданған алысқа ұшатын кейбір ракеталарды қолдануға қатысты қойылған шектеуді алып тастады. Мұндай шешім Киевке Ресей аумағындағы нысандарға соққы жасап, Кремльге әскери қысымды арттыруға жол ашады. Бұл жөнінде Америка шенеуніктеріне сүйенген The Wall Street Journal басылымы жазды.
Басылымның хабарлауынша, 21 қазанда украин әскері Брянскідегі химия зауытына соққы жасау кезінде британдық Storm Shadow қанатты зымыранын пайдаланған.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, мұндай шешім АҚШ-та осындай шабуылдарға рұқсат беру құзыреті қорғаныс министрі Пит Хегсеттен АҚШ-тың Еуропадағы әскерінің бас қолбасшысы генерал Александр Гринкевичке өткеннен кейін қабылданған. Ол НАТО-ның аймақтағы қолбасшылығына да жетекшілік етеді.
Мұндай өзгеріс АҚШ президенті Дональд Трамптың Кремльді келіссөзге итермелеу мақсатында оған қысымды арттыру бастамасымен (арасында Украинаға 1600 шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын америкалық "Томагавк" қанатты зымыранын беру ықтималдығы да бар) тұспа-тұс келген.
Дегенмен Дональд Трамп The Wall Street Journal мақаласын "фейк" деп атаған.
"Олар қайдан ұшып келмесін және Украина оларды не істемесін, АҚШ-тың бұл ракеталарға еш қатысы жоқ" деді Трамп.
Кремль бұған дейін Украинаға батыс елдерінің қару-жарағын жеткізу майдандағы жағдайды өзгертпейтінін және Мәскеуді мақсатынан тайдырмайтынын айтқан.