Accessibility links

Украинада еркінен тыс жұмысқа жегілген 19 өзбек азаматы еліне оралды


Өзбекстандық еңбек мигранттарын осы жылыжайда жұмыс істеуге мәжбүрлеген.
Өзбекстандық еңбек мигранттарын осы жылыжайда жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

Украинада Киев облысындағы жылыжайлардың бірінде еркінен тыс еңбекке жегілген Өзбекстанның 19 азаматы отанына оралды. Бұл туралы Өзбекстанның "Дунё" ақпарат агенттігі хабарлады.

Олар Өзбекстан елшілігінің, Украина Ұлттық полициясының және Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Украина мен Молдовадағы кеңселерінің бірлескен жұмысы арқасында елге қайтарылған.

Биыл қыркүйекте Украинаның құқық қорғау органдары шетелдік жұмысшылар еңбегін қанаумен айналысқан деген күдікке ілінген бір топ адам ұсталғанын хабарлағаннан кейін, Өзбекстан елшілігі зардап шеккендердің құқығын қалпына келтіру және олардың қауіпсіз түрде елге қайтуына қажет құжаттарды рәсімдеу іс-шарасын қолға алған.

Украина полициясының мәліметінше, бұл заңсыз схеманы ұйымдастырған деген күдікке 51 жастағы Қытай азаматы ілінген. Ол тағы екі Қытай азаматын, бір Таиланд азаматын, бес украинды және бір өзбекстандықты өзіне сыбайластыққа тартқан. Жұмысшыларды мол табысқа кенелесің деген уәдемен қызықтырып, Украинаға жеткен соң олардың төлқұжатын тартып алып, жылыжайда күштеп жұмысқа салған.

19 өзбек азаматының бәріне ресми түрде жәбірленуші мәртебесі беріліп, оларды Украинада жауапкершілікке тартылудан қорғады.

Зардап шеккен өзбекстандықтар Халықаралық көші-қон ұйымының Украина мен Молдовадағы кеңселерінің қолдауымен 28 қазанда Киевтен Кишинёвке жеткізіліп, оларға уақытша баспана, тамақ беріліп, медициналық көмек көрсетілген. Ал 2 қараша күні Кишинёв–Стамбұл–Үргеніш бағыты бойынша ұшып шығып, 3 қарашада Өзбекстанға аман-есен жеткен.

XS
SM
MD
LG