АҚШ президенті Дональд Трамп Нигерияда христиандарға қарсы зорлық-зомбылыққа байланысты сол елде басталуы ықтимал әскери іс-әрекеттерге дайын болуды Пентагонға тапсырғанын мәлімдеді.
"Егер Нигерия үкіметі христиандардың қырғынға ұшырауына жол беруді жалғастыра берсе, АҚШ Нигерияға көмектің кез келген түрін дереу тоқтатады және елді масқара жасаған исламшыл террористерді толық жою үшін қарумен енуі мүмкін", – деп жазды Трамп өзінің Truth Socialәлеуметтік желісінде
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Пентагон болуы мүмкін әскери іс-қимылдарға дайындықты бастады деп мәлімдеді.
"Нигерияда – немесе кез келген жерде – бейкүнә христиандарды өлтіру дереу тоқтатылуы тиіс. Егер Нигерия үкіметі христиандарды қорғай алмаса, біз бұл сұмдық айуандықты жасап жүрген исламшыл террористерді жоятын боламыз", – деп жазды Хегсет Х әлеуметтік желісінде.
Нигерия әзірге Трамптың мәлімдемесіне қатысты ресми пікір білдірмеді.
Бұған дейін АҚШ президентінің әкімшілігі Нигерияны "ерекше алаңдаушылық тудырған елдер" тізіміне қайта қосқан. АҚШ үкіметі ол тізімге әлемде дін еркіндігін бұзып отыр деп санайтын мемлекеттерді енгізген.
Сенбі, 1 қараша күні Нигерия президенті Бола Тинубу бұл айыптауларды жоққа шығарды. "Нигерияны дін еркіндігіне төзбейтін ел деп сипаттау – біздегі ұлттық шынайы жағдайға қиыспайды және үкіметтің барша нигериялықтардың ар-ождан және діни сенім еркіндігін қорғауға бағытталған жүйелі әрі адал күш-жігерін ескермейді", – деген Тинубудың сөзін Reuters агенттігі хабарлады.
Нигерияның сыртқы істер министрлігі жеке мәлімдемесінде экстремизммен күресті жалғастыруға уәде берген және АҚШ осы елдің жақын одақтасы болып қала береді деп үміттенетінін айтқан.