Тәжікстанда "Әскери қызмет туралы" заңға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері міндетті әскери қызметтен босатылады. Бұл жөнінде «Азия-Плюс» жазды.
Бұрын мұндай жеңілдікті тек ауылда тұратын мұғалімдер қолданатын. Түзетулерді парламенттің төменгі палатасы мақұлдады. Енді оны парламенттің жоғары палатасы мақұлдап, президент қол қоюы керек.
Білім министрлігіндегі дереккөздің айтуынша, вице-министр Хомид Хошимзода түзетулерді 15 қазан күнгі парламент отырысында таныстырған. Оның сөзінше, жаңа ереже елде ұстаздардың мәртебесін жоғарылатып, мектептегі мұғалім тапшылығын жоюға бағытталған.
Тәжікстан білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, мұғалім тапшылығы елдегі ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қалып отыр. Министр Рахим Саидзода бұрын 2025/2026 жылдары Тәжікстанның мектептеріне әлі 3,8 мың мұғалім жетіспейтінін айтқан, ал биыл педагогикалық оқу орындарды шамамен 13 мың студент тәмәмдаған.