Accessibility links

Сирия билігі Башар Асадты тұтқындауға ордер берді


SYRIA-CONFLICT
SYRIA-CONFLICT

Сирия билігі шамамен 9 ай бұрын биліктен кетірілген бұрынғы президент Башар Асадты тұтқындауға ордер берді. Тергеу сотының судьясы Тауфик әл-Әлидің хабарлауынша, Асадқа "азаптау" және "қасақана адам өлтіру" баптары бойынша айып тағылған. Ордер сырттай берілген. Былтыр желтоқсанда елден қашып кеткен Асад қазір Ресейде жасырынып жүр.

Сирияның мемлекеттік SANA агенттігінің хабарлауынша, оған тағылған айып 2011 жылы Дераа провинциясында саяси өзгеріс пен еркіндікті талап еткен бейбіт наразылықты күштеп басып-жаншумен байланысты. Асад режимі сол кезде азаматтарды жаппай тұтқындап, күш көрсеткен. Ізінше бұл оқиға жүздеген мың адамның өмірін қиған, елдің күл-талқанын шығарған қанөгіске айналды.

Судья әл-Әлидің айтуынша, сот шешімі Сирия билігіне Интерполға жүгініп, Асадқа халықаралық іздеу жариялауға мүмкіндік береді. Оның сөзінше, тергеу қудалау кезінде қаза болғандар мен із-түзсіз жоғалғандардың отбасының шағымы негізінде басталған. Құқық қорғау ұйымдары шешімді әділдікті қалпына келтіріп, адам құқығын жаппай өрескен бұзуға кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған маңызды қадам деп атады.

Сирияның әділет министрлігінің хабарлауынша, ордерге "азаматтық соғысты тұтандыруға талпыныс" тәрізді қосымша айыптар да кіреді. Ведомствоның айтуынша, "Асад ісі" азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған елдің жаңа сот саясатының символы болуға тиіс.

Сирияның жаңа билігі реформа мен халықаралық норманы құрметтеуге дайын екенін көрсетуге талпынып жатыр. Дамаскідегілер құқықтық реформа мен өткен қылмыстарды тергеу халықаралық қауымдастықтың сенімін қалпына келтіріп, соғысты бастан кешірген елді қалпына келтіру бойынша көмек тартуға септеседі деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG