Accessibility links

Ресейлік ұшақтар Литваның әуе кеңістігін бұзды


Ресейлік Су-30 және Ил-78 ұшақтары Литваның әуе кеңістігін бұзды деп жазды елдің қорғаныс министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға Ресейдің Калининград облысына жақын Кибартай қаласы аумағында болған. Ұшақтар Литваның шамамен 700 метр аумағынан ұшып өтіп, Ресейге оралған. Олар Литваның әуе кеңістігінде шамамен 18 секунд болған.

Литваның қорғаныс министрлігінің айтуынша, "екі испан жойғыш ұшағы дереу әуеге көтерілген".

Литваның президенті Гитанас Науседа сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігінің өкілдерін шақырып, "ессіз қауіпті әрекетке" протест білдіретінін айтты.

Ал Ресей өз ұшақтарының Литваның әуе кеңістігін бұзғанын жоққа шығарды. Ресей қорғаныс министрлігі хабарламасында 23 қазанда "ресейлік жойғыш ұшақтар Калининград облысы аумағында жоспарлы оқу-жаттығу өткізгенін" жазған.

"Ұшақтар бағытынан тайған жоқ және өзге елдің шекарасын бұзбады" деп жазылған Ресей қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Ресей бұған дейін де Эстонияның әуе кеңістігін бұзғанын мойындамаған.

  • Кейінгі айларда ресейлік жойғыш ұшақтар мен дрондар НАТО елдерінің әуе кеңістігін бірнеше рет бұзған. Қыркүйектің соңында Bloomberg агенттігі Ұлыбритания, Франция мен Германия дипломаттары Мәскеуге НАТО елдерінің әуе кеңістігін бұзатын ресейлік әскери ұшақтарды атып түсіретінін ескерткенін жазған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "мұндай басқыншылық мәлімдемелер Ресей шекараларына жақын аумақтағы шиеленістің ушығуынан" хабар береді деген.
XS
SM
MD
LG