Accessibility links

Ресейде ұсталған Қазақстан азаматына қарсы қылмыстық іс қозғалды


Ресейдің Санкт-Петербург қаласында билік тоқтау салған "Некрокомиккон" мистика және фантастика фестивалінің продюсері, Қазақстан азаматы Алексей Самсоновқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. "Фонтанка" басылымының хабарлауынша, Самсоновқа көрінеу жалған ресми құжаттарды пайдалану мақсатымен сатып алу, сақтау, тасымалдау бабы бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Самсонов полиция қызметкеріне көрсеткен көші-қон картасында оның Ресейде болу мерзімі 2026 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылғаны жазылған. Сараптама қорытындысы құжаттағы мөр таңбасы ресми үлгілерге сәйкес келмейтінін анықтаған.

Кейінгі 20 жылдан бері Санкт-Петербург қаласында тұрып келген Алексей Самсонов 31 қазанда, яғни "Некрокомиккон" фестивалі өтіп жатқан жерге полиция барған күннің ертесінде ұсталған. Кейінірек фестиваль "көптеген шағымға байланысты" тоқтатылды. Сот шешімімен Самсонов 2026 жылдың 29 қаңтарына дейін шетелдіктерге арналған арнайы мекемеге жабылған, кейін ол Ресейден шығарылмақ.

Ресейлік "Сорок сороков" атты православ белсенділері "Некрокомиккон" фестиваліне қарсы шағым түсіріп, іс-шараны "сатанизмді насихаттайды" деп айыптаған.

Биыл шілде айында Ресейдің Жоғарғы соты "Халықаралық сатанизм қозғалысын" экстремистік ұйым деп танып, оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған, алайда мұндай атаумен ресми тіркелген ұйым жоқ.

Ресейдің Бас прокуратурасы "сатанизм қозғалысына" тыйым салу қажеттін "оның экстремистік идеологияны, сондай-ақ дәстүрлі діни конфессияларға деген өшпенділік пен жаулықты негізге алады", ал оның мүшелері "православ шіркеулерін жоюға шақырған" деп түсіндірді. Бұған қоса прокуратура өкілдерінің пікірінше, сатанизм "радикалды ұлтшылдықпен және неонацизммен байланысты".

Бұған дейін Ресей православ шіркеуінің өкілдері де сатанизм идеологиясына тыйым салуға үндеген.

XS
SM
MD
LG