Accessibility links

Ресей Донбассқа неге көз тігіп отыр?


Ресей Украинаның шығысындағы Донбасс аймағын басып алуға көп жұмсап жатқанының себебі көп. Соның бірі — аймақтағы ауыр өнеркәсіп пен табиғи ресурстар.
Ресей Украинаның шығысындағы Донбасс аймағын басып алуға көп жұмсап жатқанының себебі көп. Соның бірі — аймақтағы ауыр өнеркәсіп пен табиғи ресурстар.

Украинаның Донбасс аймағы Кремльдің саяси және әскери күресінде басты орын алады. Бұған не себеп?

Ақ үйдегі Владимир Зеленскиймен тартысты кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен соғысты тоқтату үшін жерінің бір бөлігінен бас тартуға тура келетінін айтып, Украина басшысын қыспаққа алған.

"Олар қазіргі майдан шебінде тоқтауы керек деп санаймыз", — деді Трамп президент ұшағында журналистерге. — Олар "Мен мынаны алам, саған мынау қалсын" деп отыратын болса, басқасын келіссөзге салу қиын болмақ".

"Қазіргі күйінде бөлісіп алайық. Меніңше жердің 78 пайызын Ресей алып қойған. Барлығын қазіргі қалпында қалдырасыңдар. Олар қалғанын кейінірек уақыт өте келе кей нәрселерге келіссөз жүргізе алады" деді Трамп 19 қазанда.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге келген Украина президенті Владимир Зеленскийді қарсы алып тұр. Вашингтон, 17 қазан 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге келген Украина президенті Владимир Зеленскийді қарсы алып тұр. Вашингтон, 17 қазан 2025 жыл.

АҚШ президенті негізінен Украинаның шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан Донбасс аймағындағы жерді меңзеген еді.

Көктемде Зеленский Трамптың атысты тоқтату туралы үндеуін қолдады. Ол жоспар бойынша Донбасс пен басқа да аймақтардың біраз бөлігі Ресей бақылауында қалуы тиіс болатын.

Алайда украиндардың басым көпшілігі үшін Донбасстан немесе кез келген басқа аумақтан ресми түрде не түбегейлі бас тарту – мүлде мүмкін емес нәрсе. "Біз Донбассты тастамаймыз. Ондай қадамға бара алмаймыз" деді Зеленский тамыз айында.

Трамптың Украина жерінен бас тартуы керек деген пікірі оның өткен айдағы мәлімдемесіне қайшы. Ол жолы Трамп "Киев Украинаның бүкіл жерін бастапқы қалпында қайтарып алып, жеңіп шығуға қауқарлы" деп мәлімдеген.

Ақ үйдің Украина жеріне қатысты ұстанымы құбылып тұрғандай әсер қалдырғанымен, Кремльдің позициясы сол күйі.

Донбасс – Путиннің саяси және әскери күресінің негізгі бөлігі. Аймақты 1100 шақырымға созылған ирелең майдан шебі бөліп жатыр. Мәскеу үшін бұл өңірдің экономикалық, мәдени және тарихи маңызы өте зор.

Кремль неліктен дәл осы Донбасқа соншалық қадалып отыр?

Өнеркәсіп орталығы

"Донбасс" – Донец өзені атауынан және "бассейн" (яғни, "көмір бассейні") сөзінен шыққан географиялық термин. Донбасс Украинадағы екі облысты – Луганск пен Донецкіні түгел қамтиды. Кейде оған көршілес Харьков, Днепропетровск және Запорожье облыстарының шағын бөлігі де кіреді.

Бұл – Украинадағы индустрияның кіндігі: мұнда көмір шахтасы, балқыту зауыты, металлургия комбинаты, порт, теміржол сияқты ауыр өнеркәсіп нысандары орналасқан.

Ауданы шамамен 52 мың шаршы километр болатын бұл аймақтың көлемі Хорватиямен шамалас.

Донбастың оңтүстігінде әйгілі құнарлы ауылшаруашылық аумағы жатыр. Азов теңізінің жағалауында орналасқан Донецк облысының оңтүстігінде Мариуполь порты мен "Азовсталь" зауыты орналасқан. Бұл кәсіпорын 2022 жылға дейін әлемдегі ең ірі болат өндіру нысандарының бірі болды.

Донбасстағы көмір шахталары кезінде Совет одағындағы өнеркәсіпті электр энергиясымен қамтамасыз еткен.
Донбасстағы көмір шахталары кезінде Совет одағындағы өнеркәсіпті электр энергиясымен қамтамасыз еткен.

Совет кезіндегі басшылар Донец өзені алқабын, оның көмірі мен кен байыту зауыттарын жылдам индустрияландырудың қозғаушы күші деп санады. Бұл аймақ Совет одағын Германия сияқты Еуропаның өнеркәсіп державаларымен экономикалық деңгейде теңестіруге бағытталған жобалардың өзегіне айналды.

1991 жылы СССР ыдырағаннан кейінгі экономикалық соққыдан соң бұл өңірдің ахуалы нашарлай бастады. Ол біртіндеп "Тот басқан белдеуге" айналды: ескірген инфрақұрылым, инвестиция жетіспеушілігі, өндіріс қуатының кемуі және жаһандық нарықтармен бәсеке сияқты қиындықтарға тап болды.

Украинаның ең бай кәсіпкерлерінің біразы Донбасстан шыққан. Олар "Аймақтар партиясын", оның саяси блогын және президент және премьер-министр қызметтерінде болған Виктор Януковичті қаржыландырды.

Виктор Янукович 2014 жылы Ресейге қашты.
Виктор Янукович 2014 жылы Ресейге қашты.

Янукович Киевтегі бірнеше айға созылған "Еуромайдан" қанды қақтығысқа ұласқаннан кейін, 2014 жылдың ақпанында Ресейге қашып кетті.

Іле-шала Ресей Донбасста көтеріліс пен диверсия, саботаж бен тұрақсыздандыру науқанын бастады. Қарулы адамдар аймақтағы әскери нысандар мен маңызды ғимараттарды, соның ішінде өңірдің бейресми астанасы Донецкіні басып алды. Ресей сондай-ақ бірнеше ұрыста қару-жарағы да, саны да аз украин күштеріне өзінің мұздай қаруланған әскерін қарсы қойды.

Ресей қолдаған күштер Донецк пен Луганскіде "халық республикаларын" жариялады. 2022 жылы Путин Донецк және Луганск облыстарымен қоса Украинаның тағы екі аймағын аннексиялап, Ресей құрамына қосқанын жариялады.

2022 жылдың ақпанына дейін Ресейге бағынышты күштер Украина аумағының шамамен 42 мың шаршы километрін: Донбассты және Қара теңіз жағалауындағы сегіз жыл бұрын басып алынған Қырым түбегін бақылауда ұстады.

Донбасстағы "бекініс белдеуі"

Украинаға басып кірген алғашқы кезеңде Ресей әскері Донбасстың бірнеше маңызды қаласын басып алды.

2022 жылдың мамырында үш айға созылған қанды құрсаудан кейін Мариуполь Ресейге өтті; көп өтпей одан солтүстікте жатқан Северодонецк те Мәскеуге берілді. Бір жылдан соң, Зеленский мен оның командирлері аса маңызды деп санаған Донецк облысындағы Бахмут қаласы да Ресей әскерінің қолына өтті.

Бахмут құлағаннан кейін, украин әскерилері екі тірек қала – Славянск пен Краматорск маңында, сондай-ақ оңтүстіктегі теміржол торабы саналатын Константиновка қаласы бағытында "бекіністер белдеуін" құруды қолға алды.

Жалпы ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын бұл белдеу – қалалар маңындағы елдімекендер тұсынан өтетін ирелеңдеген майдан сызығы. Мұның барлығы – траншея, танкіге қарсы кедергі, бункер мен миналанған алқаптар жүйесі.

Ресей бұл бекініс белдеуін бұзса, батысқа – Донецк облысының шекарасына дейін тез жылжиды. Бұл Кремльдің басты көксегені – Донбассты толық басып алатын күн де алыс емес дегенді білдіреді.

Ал Украина бұл бекініс белдеуінен айырылып қалса, үлкен қатерге тап болады, өйткені ол Ресейдің жаңа операцияларына жол ашып беруі мүмкін. Зеленский тамыз айында осыған меңзеп: "Донбасс – болашақтағы жаңа шабуылдардың трамплині" деген.

"Донецк облысының қалған бөлігін бізге бер" деп қойылып отырған талап Украинаның болашақтағы қорғаныс қабілеті тұрғысынан орындау мүмкін емес нәрсе" деді Ресейдің шетелде шығатын "Новая газета Европа" басылымының бас редакторы Кирилл Мартынов "Настоящее время" арнасына.

"Путин Донецк облысын 11 жылдан бері жаулап алуға тырысып келеді. Қазір Украина бақылауында тұрған бекіністер аймағын оның қолына тапсыру – Харьков пен Днепрге жол ашып беру деген сөз. Жалпы айтқанда, бұл – жаңа соғысқа жол, ал бұл жолда Путинге жеңіске жету оп-оңай" деді ол.

Украинаға басып кірерде Ресей Донбасстың, яғни Украинаның Донецк және Луганск облыстарының 36 пайызын бақылауында ұстаған. Қазір бұл көрсеткіш шамамен 89 пайызға жетті. Бұл – жалпы Украина аумағының шамамен 19 пайызы.

Новороссия

Кремльдің Донбассқа, тіпті бүкіл Украинаға көз тігуіне 18 ғасырдағы оқиғалар себеп. Сол дәуірде ІІ Екатерина патшайым Ресей империясының шекарасын оңтүстікте Қара теңіз жағалауына, ал батыста Балқан түбегіне қарай кеңейткен еді.

Бұл өңір "Новороссия" немесе "Жаңа Ресей" деп аталды. Бұл ұғыммен қатар "Русский мир" ("Орыс әлемі") идеясын Ресейдің ұлтшылдары мен идеологтары, соның ішінде Александр Дугин белсенді түрде насихаттап келеді.

Путин алғаш рет көп ресейліктің жанына жақын аймақ саналатын Қырымды аннексиялағаннан соң бұл тұжырымды ашық қолдады.

Ресей соққысынан қираған көпқабатты үй. Константиновка, Донецк облысы, 12 қазан 2025 жыл.
Ресей соққысынан қираған көпқабатты үй. Константиновка, Донецк облысы, 12 қазан 2025 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңге дейін украиндар Донбаста саны басым ұлт болды. Сол тұста советтік жоспарлаушылар аймақта елдімекендерді көбейтіп, өнеркәсіптегі жұмысшы санын арттыру үшін орыстарды көп қоныстандырды.

Совет одағы ыдыраған кезде Донбасста өзін орыс деп көрсеткендер үлесі Қырымнан басқа өңірлердегіден жоғары болды. Дегенмен олар әлі де азшылық еді.

2014 жылы соғыс басталғанға дейін Донбасста және Украинаның басқа да өңірлерінде орыс тілі кеңінен қолданылатын. Мысалы, елдің оңтүстігіне жақын Кривой Рог қаласынан шыққан Зеленскийдің өзі де негізінен орыс тілінде сөйлеп өскен.

Жылдар бойы украин ұлтшылдары ел көлемінде орыс тілінің мәртебесін төмендетуге тырысып келді, есесіне орыс тілін украин тілімен қатар мемлекеттік тіл ретінде бекітуге бағытталған референдум өткізу бастамалары да көтерілді, бірақ олардың бәрі сәтсіз аяқталды.

Путин 2022 жылғы ақпандағы телеүндеуінде дәлелсіз мәлімдеме жасап, Украинаның орыстілді халқына "геноцид" жасап отыр деді.
Путин 2022 жылғы ақпандағы телеүндеуінде дәлелсіз мәлімдеме жасап, Украинаның орыстілді халқына "геноцид" жасап отыр деді.

Ресейлік ұлтшылдар Донбасстағы орыстар Украинадан бөлініп, Мәскеуге қосылуды қалайды дегенді үздіксіз айтып келеді. Алайда бірнеше рет өткен сайлау мен референдум нәтижелері мұндай тұжырымға негіз жоқ екенін көрсетеді.

2022 жылға дейін бұл өңірде шамамен 6 миллион адам өмір сүрген. Соғыс қарсаңында Кремль өз әрекетін ішінара ақтау үшін жергілікті орыстарға қысым көрсетіліп, кемсітіліп жатыр деп көрсетуге тырысты.

2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға шабуыл басталған соң Путин телеүндеу жасап, мұнда "шамамен 4 миллион адам геноцидке ұшырап отыр" деп жалған мәлімдеме жасады. Екі жылдан кейін Ресей Донбасста геноцид жасалды деген айыппен БҰҰ-ның жоғарғы сотына шағым түсірді.

XS
SM
MD
LG