Қырғызстанда Жогорку кеңеш депутаттары өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады.
Өзін-өзі тарату туралы заң жобасын 84 депутат қолдады, ешкім қарсы болмады. Отырысқа 90 депутаттың 89-ы қатысты.
Бұған дейін парламент спикері Нұрланбай Тұрғынбекұлы өзіне Жогорку кеңешті тарату туралы 32 депутаттың қолы қойылған өтініш келіп түскенін айтқан.
Жогорку кеңешті таратуды ұсынған депутаттардың бастама тобы спикерге хатында кезекті парламент сайлауы 2026 жылы қарашада өтетінін, ал президент сайлауы 2027 жылы қаңтарда болатынын айтып, орталық сайлау комиссиясы екі саяси шараны қысқа мерзімде өткізе алмайтынын айтқан.
Спикер бұл бастаманы қолдайтынын айтып, қатарынан екі сайлау өткізу саяси және экономикалық қиындықтар туғызатынын да жеткізді.
Заңға сәйкес, парламент өзін тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін президент бес күн ішінде кезектен сайлауды тағайындауы керек. Сайлау 2025 жылдың 30 қарашасында өтеді деген болжам айтылады.
Кезектен тыс сайлау жаңа жүйе бойынша өтеді- 30 көпмандатты округтан 90 депутат сайланады. Жаңа заңнама гендерлік квотаны да қарастырады.
Жогорку кеңештің 7-шақырылымы 2021 жылы сайланды. Оның құрамы 90 депутаттан тұрады, онда «Ата Жұрт-Қырғызстан», «Сенім», «Ынтымақ», «Альянс», «Бүтін Қырғызстан», «Иман нұры» партиялары мен бірмандатты округтан сайланған депутаттар бар