Accessibility links

Қырғызстан Еуроодақты санкция бойынша тәуелсіз аудит жүргізуге шақырды


Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Еуроодақты тәуелсіз зерттеу жүргізуге және осылайша ЕО-ның қырғыз банктеріне салған санкциясының негізді екенін дәлелдеуге шақырды

"Қырғызстан Еуроодақты фактілерді тексеру және қарастырылып отырған кез келген шектеу шараларының тексерілген деректерге негізделгенін растау үшін тәуелсіз, халықаралық деңгейде танылған аудит жүргізуге ресми түрде шақырады" деп жазылған СІМ-нің мәлімдемесінде.

Министрлік сонымен бірге Қырғызстан – Еуроодақ өкілдерінен құралған ортақ техникалық жұмыс тобын құруды ұсынды. Олар "өзара тұрақты түрде деректермен алмасып, транзакцияларға мониторинг жасайды, ортақ тәуекелдерді бағаламақ".

СІМ Қырғызстанның заңды тұлғаларының ЕО-ның санкция тізіміне енгізілгеніне өкініш білдіріп, ел "халықаралық міндеттемесін қатаң сақтайтынын" және санкцияны айналып өту жағдайларына жол бермес үшін ЕО әріптестерімен "ашық, конструктивті диалог" жүргізіп жатқанын айтқан.

Еуроодақ Ресейге қарсы 19-санкция пакеті аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы бірқатар банктермен транзакцияларға шектеу қойған. Санкцияға ресейлік ВТБ банкінің Қазақстандағы бөлімшесі, қырғызстандық «Толубай» және «Еуразия жинақтау банк», тәжікстандық «Душанбе Сити банк», «Спитамен» және «Коммерцбанк» ілінген.

12 қарашада олармен операцияларға шектеу қойылады. Шектеу сонымен бірге қырғыз компаниялар мен криптобиржаларға да қатысты.

Украинада соғыс басталғалы бері және ізінше ресейлік банктерге енгізілген санкциялар Қырғызстанның қаржы жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғыз азаматтарының қаржы аударымдары нәтижесінде қалыптасқан қырғызстандық қаржы мекемелерінің ресейлік банктермен тығыз байланысы елді жиі қиын жағдайда қалдырады. Бір жағынан жанама санкция қаупі туындаса, екінші жағынан мигранттардың ақша аудару мүмкіндігіне қатысты қиындықтар пайда болып жатыр.

Былтыр жазда Қырғызстанның барлық-дерлік банктері ресейлік «Сбербанк», «МТС Банк» және «Тбанкпен» («Тинькофф») байланысты үзген.

XS
SM
MD
LG