Түрмедегі журналистер Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның адвокаттары өздері қорғап отырған азаматтарға медициналық көмек көрсетуді талап етті. Олардың сөзінше, мекемелерде оларға тиісті дәрежеде көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Ал оларды ауық-ауық ауруханаға апарып келуден нәтиже шықпай жатыр.
"Бейсенбі күні таңертең [түрме] бастығына кірген кезде маған дүйсенбі күні [ауруханаға] жатқызуға уәде берген. Ал кешегі ақпарат бойынша, Думанды Қызылордадағы қалалық ауруханаға әкелген, бірақ бүгін таңертең аурухана қызметкерлері ол жақта Думан жоқ екенін айтты" деді адвокат Ғалым Нұрпейісов 23 қазан күнгі баспасөз жиынында.
Ол Думан Мұхаммедкәрімді түрмеге қайта алып кетуі мүмкін деп топшылайды. Ол Думанға "медициналық көмек көрсетіп жатыр" деген тұжырым "қоғамдық пікірге нұқсан келтіру талпынысы" екенін атап өтіп, шындыққа сәйкес емес екенін айтты.
Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім әлі күнге дейін көлемі 8 шаршы метрге жуық карцерде отыр. Оның бөлмесіне терезеден қатты суық кіреді.
"Думанның қуық безі, бауыры мен бүйрегіне суық тиген екен. Бауыры үлкейген. Толық мағлұмат болу үшін кешенді тексеріс керек. Ол оны алып жатқан жоқ. Денсаулығы әрине, кешенді емдеуді талап етеді" деді Ғалым Нұрпейісов.
Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрім өзі отырған камераға белгісіз жарылғыш зат лақтырылғанын, өміріне қауіп төнгенін айтып, өзін Алматы облысына ауыстыруды талап еткен еді. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті журналистің "үшінші дәрежелі теріс әрекеттері" барын алға тартып, оны ауыстырудан бас тартқан.
Төреғожинаның сөзінше, журналист жарылғыш зат лақтыру оқиғасын тексеруді талап еткені үшін қоқан-лоқыға ұшыраған.
"Оған егер тергеуді талап ете берсе, әкімшілік "жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тағы жаза қосып береді деп айтқан" деді ол.
Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім өзінің денсаулығының нашарлағанына қарамастан түрмеде өзінің құқықтарының бұзылуына қарсылық ретінде әр айдың соңында аштық жарияламақ. "Бұл өзінің құқықтарының бұзылуына қарсылық білдірудің жалғыз амалы" деді ол.
Бейсенбі күнгі баспасөз жиыны кезінде адвокат Айнара Айдархан белсенді Әйгерім Тілеужанға жеті ай бойы медициналық көмек көрсетілмегенін айтты. Айтуынша, Тілеужан сәуір айында кішігірім іріңге байланысты санитарлық бөлімге жүгінген, алайда кейінгі жеті айда жағдайы едәуір нашарлаған. Оның сөзінше, оны аудандық ауруханаға апарғанмен көмегі болмай тұр.
"Осы уақыт бойы ол ауырып келе жатыр, денсаулығы, иммунитеті әлсіреген, салмақ жоғалтты" деді адвокат.
Айнара Айдарханова егер емдеу тиімді болған кезде Әйгерімнің денсаулығы жақсарған болар еді дейді.
Адвокат қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, денсаулық сақтау министрлігі мен адам құқығы уәкіліне шағым жазған. Денсаулық сақтау басқармасы оған Әйгерім Тілеужанға "жеткілікті дәрежеде медициналық көмек беріп жатқанын, ауруханаға жатқызуға негіз жоқ екенін" айтқан. Адвокат бүгін Әйгерім Тілеужан жеке клиникаға жеткізіліп, тексерілетінін айтты.
Айнара Айдарханова қазан айының ортасында да Әйгерім Тілеужанның хәлі нашарлағанын, құзырлы мекемелер оны ауруханаға жатқызбай отырғанын мәлімдеген еді. Айдарханованың айтуынша, бір ай бұрын Әйгерім Тілеужанға ота жасап, сыздауықты алып тастаған. Бірақ толық алынбағаннан ба, басқа себептен бе, жара қайта шығып, жағдайы ушығып кеткен.
Әзірге қылмыстық атқару жүйесі адвокаттар мен құқық қорғаушылардың мәлімдемесіне реакция білдірмеді.
Қазан ортасында депутат Ринат Зайытов ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы жайлы сұраған еді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз жауабында қазір түзету мекемелерінің жанындағы денсаулық сақтау қызметі Ішкі істер министрлігіне қарамайтынын, адам өміріне қауіп болған кезде ауруханаға жатқызу туралы өтінішті дәрігерлер беретінін айтты.
"Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. Қазір қандай екенін қарап көрейік, сізге жауап береміз" деді министр.
- Былтыр тамызда Қонаев қаласының соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған журналист Думан Мұхамедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің өзі бұл айыппен келіспейді. Ол соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялаған. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
- Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанды 2023 жылы шілдеде сот "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрмеге қамаған. Белсенді бұл айыпқа келіспейді. 2023 жылы қарашада апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ал 2024 жылы шілдеде Жоғарғы сот Алматы әуежайын "басып алу" ісін қайта қарауға "негіз жоқ" деп шешті. Журналист жазаны Алматы облысы Жауғашты елдімекеніндегі әйелдер колониясында өтеп жатыр.
- Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның істерін сараптаған құқық қорғаушылар екеуін "саяси тұтқын" деп таныған.