Accessibility links

Әлиев: Қазақстан астығы Әзербайжан арқылы Арменияға жетеді


 Әзербайжан президенті Илхам Әлиев және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 2025 жылғы 21 қазан
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 2025 жылғы 21 қазан

Қазақстан астығы Әзербайжан арқылы Арменияға жеткізілетін болды. Бұл жөнінде Астанада мемлекеттік сапармен жүрген Әзербайжан президенті Илхам Әлиев айтты.

"Әзербайжан Арменияға тауар транзитіне қойылған барлық шектеуді алып тастады. Алғашқы жүк Қазақстанның астығы болмақ. Менің ойымша, бұл – Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшіліктің тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де орындалғанының айқын көрсетеді" деді Әлиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірлескен баспасөз брифингінде.

Әлиев тауар тасымалы қай кезде басталарын нақтыламады. Қазақстаннан Арменияға қандай көлемде астық жеткізілетіні де айтылмады.

Мұны Ереван да қолдап мәлімдеме жасады: "Армения Республикасы Әзербайжан Республикасының Арменияға жүк транзитіне қойылған шекті алып тастау туралы мәлімдемесін құптайды" деп жазды Армения премьер-министрінің баспасөз хатшысы Назели Багдасарян Facebook парақшасына.

Арменияға тауар транзиті Баку мен Ереван арасында Таулы Қарабақ үшін кикілжің басталғалы тоқтап тұрған.

Илхам Әлиевтің Астанаға мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастық талқыланған.

Ең басты мәселелердің бірі – Қытайды Еуропамен жалғап жатқан аса ауқымды транзит жолы – Орта дәліздің"тиімділігін арттырып", "Еуразия аймағындағы транзит рөлін нығайту" делінген Ақорда таратқан хабарда.

Биыл 8 тамызда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Вашингтонда "Бейбітшілік декларациясына" қол қойған. Бітімді АҚШ президенті Дональд Трамп бекіткен. Декларацияда екі ел "бейбітшілік орнатып, мемлекетаралық қарым-қатынасты қалыпқа келтіреді" делінген.

  • Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келген. Мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасы" 2023 жылға дейін де-факто тәуелсіз өмір сүрген.
  • 2023 жылы күзде Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасының" үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген.
XS
SM
MD
LG