Кремльдің арнайы уәкілі Кирилл Дмитриев CNN арнасына берген сұхбатында Ресей, Украина және АҚШ соғысты тоқтату бойынша «дипломатиялық шешімге жақын» деп мәлімдеді.
«Менің ойымша, мәселе орындалмайтын емес – орындалуы мүмкін шешімдерді ұсына отырып, диалогты қалай жалғастыру, дағдарысты бейбіт жолмен қалай шешу жөнінде болып отыр», - деді Дмитриев.
Путин неліктен атысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға қарсы болып отыр деген сұраққа Дмитриев «Ресей тек атыс емес, соғысты толық тоқтатуға ұмтылып отыр» деп жауап берді. Ол атысты тоқтату туралы келісім әрқашан бұзылуы мүмкін екенін және тараптар оны қаруланып, ес жиып алу үшін пайдаланып кетуі мүмкін екенін де атап өтті.
«Мәселе майдан сызығында болып отырғанын мойындаудың өзі Украина президенті үшін үлкен қадам. Бұрын ол Ресей (Украинаның оккупацияланған аумақтарынан) толығымен кетуі керек деп айтатын. Сондықтан, менің ойымша, біз мәселені дипломатиялық жолмен шешуге жақынбыз» деп атап өтті Кремльдің уәкілі.
25 қазанда БАҚ Кирилл Дмитриевтің АҚШ президентінің уәкілі Стив Уиткоффпен кездесетіні белгілі болған.
Трамп әкімшілігі бұған дейін екі ірі ресейлік мұнай компаниясына санкция салған болатын. Бұл Трамп қызметке кіріскеннен бері Ресейге салынған алғашқы санкция.