Accessibility links

Президентті "жасарту". Орталық Азияда басшылар бейнесін өңдеуге неге әуес?


Орталық Азия президенттерінің ресми суреттері мінсіз болып көрінеді: тіп-тік дене, ақ маржандай тіс, әжімсіз келбет. Алайда халықаралық агенттіктер репортажындағы суреттермен салыстырсаңыз, әлгінің бәрі жасанды екеніне көз жеткізесіз. Президенттердің баспасөз қызметтері таратқан ресми суреттер "фотошоп" көмегімен өңделгені байқалады.

Орталық Азия елдері президенттерінің ресми суреттердегі келбетін жұрт жиі талқылайды және ол президенттер қатысқан шараларға бола емес, басқадай мағынасы бар.

Әлгі суреттер үнемі дерлік мұқият өңдеуден өтеді: онда бейнеленген тұлғаның әжімін "тегістеп", шашын бояп, тісін жарқыратып ағартады, кейде президенттің бойын "өсіріп", жүзін жымитып, езуіне күлкі "жапсырып" қояды. Кейде ондай өңделген суреттегі бейне көзге оғаштау көрінгенде президенттер әлеуметтік желілердегі мысқыл мен мемге азық болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 25 қыркүйек, 2019 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 25 қыркүйек, 2019 жыл

Түрікменстан: жүзін жымиту – басты міндет

Қай кезде де президент киелі тұлға ретінде дәріптелетін Түрікменстанда олардың фотосы аса мұқият түрде өңделеді.

Бұрынғы президент Ғұрбанқұлы Бердымұхамедовтің (қазір билік оның ұлы Сердарға өткен) суреттегі бейнесін үнемі әжімдерін тегістеп, шашын бояп қояды.

Ғұрбанқұлы Бердымұхамедовтің өңделген суреті.
Ғұрбанқұлы Бердымұхамедовтің өңделген суреті.

– Кремль не Ақорда фотографтарының суреттерімен салыстырғанда, Бердімұхамедовтің шынайы бейнесінде терісі қартая бастағаны анық көрінеді. Әсіресе мойын тұсы, тамағы сондай. Түрікмен цензорлары соның бәрін мұқият ағартып, тегістеп шығады. Жасандылығы білініп, фотошоппен өңделгені менмұндалап көзге түседі, – дейді Turkmen.news тәуелсіз басылымының бас редакторы Руслан Мятиев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Түркіменстан Халық Маслахаты төрағасы Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов. Түркістан, Қазақстан, 21 сәуір, 2025 жыл. Ақорда сайтындағы фото
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Түркіменстан Халық Маслахаты төрағасы Ғұрбанқұлы Бердымұхамедов. Түркістан, Қазақстан, 21 сәуір, 2025 жыл. Ақорда сайтындағы фото

Ал Бердімұхамедовтің ұлы әрі президент билігін мұраға алған Сердардың суреттерін өңдегенде кейде дене мүшесін тұтас ауыстырып жіберуі де мүмкін.

Мысалы, Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен түскен бір фотода президенттің жүзі суықтау көрінгендіктен, оның басын басқа суреттегі "жылышырайлы" келбетіне ауыстырып қойғаны бар.

Президент Сердар Бердімұхамедов (оң жақта) Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен бірге. Қазан қаласы, Ресей.
Президент Сердар Бердімұхамедов (оң жақта) Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен бірге. Қазан қаласы, Ресей.

Сердар Бердымұхамедовтің пулындағы фотографтар президенттің суреттерін ресми кездесу өтіп жатқан шақта еш қымсынбай өзгертіп, өңдей беретіні белгілі болған.

Дәл сол суреттің Түркіменстанның мемлекеттік басылымдары жариялаған өңделген нұсқасы
Дәл сол суреттің Түркіменстанның мемлекеттік басылымдары жариялаған өңделген нұсқасы

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Токтосун Шамбетов бірде сондай әрекеттің куәсі болғанын айтып берді.

– Дәл алдымда түрікмен журналистері я операторлары бір сағаттай суретті өңдеп отырды. Басты "кесіп" алып, оның орнына жүзі жымиғанын салды. Кейде бойы сәйкес келмей қалса, басқа суреттен алып, "жапсырып" қойды, – деді ол.

Журналист әрі Орталық Азия бойынша сарапшы Брюс Панниердің айтуынша, мұндай әрекеттің оғаш шыққан кезі де аз болмаған.

– Мәселен, үлкен Бердімұхамедов кей суреттерде саусақсыз қалған кездер болған, – дейді Панниер.

Өзбекстан: бойын "ұзарту"

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің де суреттері жиі өңделетін. Оның бет-жүзін "тегістеумен" шектелмей, бойын да "созатын". Каримовтің нақты бойы шамамен 170 см болса да, өңделген суреттерде кейде 20 сантиметрдей "ұзартып" жіберетін.

ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан президенттердің ресми және өңделген фотолары. Ашғабат, 2012 жыл
ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан президенттердің ресми және өңделген фотолары. Ашғабат, 2012 жыл

Бұған оның Украинаның сол кездегі президенті Виктор Януковичпен бірге түскен суреті айқын мысал болады. Ресми суретте Каримов бойы 190 см Януковичпен иық теңестіре тұрғандай көрінеді, ал өңделмеген фотода айырмашылық бірден білінеді.

Өзбекстанның қазіргі президенті, 68 жастағы Шавкат Мирзияевтің суреттері де өңдеуден кенде емес, бірақ өзгелерге қарағанда оны "аздап" өңдейтіні білінеді.

Әйткенмен халықаралық агенттіктер еш өңдеусіз жариялайтын фотоларымен салыстырсақ, мемлекеттік дереккөздердегі суреттерде оның бейнесін жеңіл-желпі "сылап-сипап" қойғаны байқалады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен АҚШ президенті Дональд Трамп. Оң жақтағы фото – өңделген.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен АҚШ президенті Дональд Трамп. Оң жақтағы фото – өңделген.

Қазақстан: қолдан жасарту

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми фотоларын да әлгіндей өңдеудің жарқын мысалы деуге болады. Суретті өңдеушілер 72 жастағы басшының келбетін жасартып көрсетуді мақсат еткендей: бет-жүзін әжім қалдырмай тегістеп, тістерін әдеттен тыс ағартып жіберген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың түпнұсқа (сол жақта) және өңделген суреті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың түпнұсқа (сол жақта) және өңделген суреті

Бұрын суреттерді қолдан өңдесе, қазір бұл іске жасанды интеллектіні қолданады: алгоритм тек президенттің емес, қасындағы адамдардың бет-әлпетін де қоса "тегістеп" жібереді.

Мысалы, Қытайда түскен бір суретте Қазақстан басшысының да, оның жанында тұрған оқушы балалардың да беті бірдей жылтыратып қойған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытай оқушылармен бірге. Пекин, 2 қыркүйек, 2025 жыл. Ақорда сайтындағы фото
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытай оқушылармен бірге. Пекин, 2 қыркүйек, 2025 жыл. Ақорда сайтындағы фото

Орталық Азия елдері басшыларының суретін бұлайша жиі өңдеуге не себеп, мұның сыры неде? Сарапшы Панниердің пікірінше, шынайы, табиғи келбетті қолдан өзгерту пропагандалық мақсат көздейді.

– Негізінен бұл белгілі бір мақсатпен өзін дәріптеу тәсілі дер едім. Президенттер өзін әлі жас, күш-қайраты мол, ел басқаруға толық қабілетті етіп көрсетуге тырысады, – дейді Панниер.

Кремльде сөйлесіп тұрған Тоқаев пен Путин. Мәскеу, 3 сәуір, 2019 жыл. Бұл фото өңделмеген.
Кремльде сөйлесіп тұрған Тоқаев пен Путин. Мәскеу, 3 сәуір, 2019 жыл. Бұл фото өңделмеген.

Қырғызстан: президент селфиі

Көршілерінен ерекшелігі – Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың суреттері барынша табиғи болып көрінеді. Оның фотолары өзгерген кездер сирек, кейде оның баспасөз қызметі смартфонға түсірілген фотоларды да жариялай береді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Instagram желісінде жариялаған селфи фото
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Instagram желісінде жариялаған селфи фото

Журналист Токтосун Шамбетовтің айтуынша, Қырғызстанда президенттің сәтсіз шыққан суретін жасыруға "әзірге" әдеттенбеген.

– Президенттің суреті онша болмай шықса, оны бас салып өңдеу әдеті жоқ әзірге. Мемлекет жетекшілерінің өздері де әлеуметтік желіні белсенді қолданады, селфи жасайды, тіпті онысы сәтсіз шықса да жасырмайды, – дейді Шамбетов.

Тәжікстан: қаз-қалпында

Тәжікстанды 30 жылдан астам уақыт басқарып отырған президент Эмомали Рахмонның баспасөз қызметі басшының фотоларын өңдеуге әуес емес. Кейде сурет айқын түсірілмеген болса да, өңдеп-өңделгені жоқтың қасы деуге болады.

Ресми суреттерде Рахмон мен өзге саясаткерлер қаз-қалпында көрінеді – мұндай суреттер көрші елдердің "жылтыр" фотоархивіне ешқашан енбес еді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өңделмеген суреті
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өңделмеген суреті

Панниердің пікірінше, бұл тәжік президентінің имиджіне шынымен әсер етеді.

– Көбіне Рахмон шау тартқан, ашушаң болып көрінеді. Сондықтан оның денсаулығы нашар екен деген әңгіме айтылып отырғаны да түсінікті, – дейді сарапшы Тәжікстанда билікті мұрагерлік жолмен – Рахмоннан ұлы Рустам Эмомалиге өткізуге дайындық жүріп жатқаны жайлы ақпаратты меңзеп.

XS
SM
MD
LG