Accessibility links

Өзбекстан президенті мақтаны шығынсыз жинап алу үшін 10 күнге төтенше жағдай жариялады


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мақтаны шығынсыз жинап алу үшін он күнге төтенше жағдай жариялады. Бұл жөнінде 26 қыркүйекте астықты жинау мен өзге де аграрлық мәселелерге арналған жиналыстан кейін белгілі болды.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылы 875 мың гектар жерге мақта егілген. 3,7 млн тонна шикізат жинау туралы келісім жасалған. Мақта жинауға 900-ден астам машина жұмылдырыған, фермерлер жанармай және тыңайтқышпен қамтамасыз етілген.

Дегенмен Gazeta.uz жазуынша, бірқатар аймақ мақта жинай алмай кешігіп жатыр. Сұрқандария, Хорезм, Ферғана, Әдіжан облыстарында мақта жинау науқанының нәтижесі жақсы танылса, Самарқан, Сырдария, Науаи облыстарында жағдай ойдағыдай емес.

Өзбекстан басшысы бірқатар аудандарда жедел штаб құрып, өнімді уақытында жинауды тапсырған. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау қоры басқармасының директоры Әбдірашит Ысрайылов төтенше жағдай мақта жинаушыларға күн сайын жалақы төлеп, техниканың ақысын беру мақсатында жаңа жүйені енгізу үшін жарияланғанын айтты.

Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, техникамен жиналған 1 келі мақтаға 1373 сума ақы (0,11 доллар) белгіленген. Ал қолмен жиналған мақтаның келісіне 2000 сума (0,17 доллар) белгіленген. Бұған қоса, мақтаны өсіруге кеткен шығынды толтыру үшін мақтаның әр келісіне 1000 сума көлемінде субсидия қарастырылған.

Бұған дейін мақта жинау науқаны кезінде еңбек заңнамасын сақтау бойынша мониторинг кезінде он күн ішінде 11 заңсыздық анықталғаны хабарланған еді. Үш лауазымды тұлғаға азаматтарды мәжбүрлеп істеткені үшін айыппұл салынған.

XS
SM
MD
LG