Accessibility links

Оңтүстік Кореяда Трамп пен Си Цзиньпин келіссөз өткізді


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин келіссөзден кейін. Оңтүстік Корея, Пусан 30 қазан, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин келіссөзден кейін. Оңтүстік Корея, Пусан 30 қазан, 2025 жыл.

Бейсенбі күні таңертең Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин кездесуі өтті. 1,5 сағаттық кездесудің қорытындысы бірден хабарланған жоқ.

Кейінгі алты жылда алғаш рет кездесіп отырған екі ел басшыларының келіссөзі кезінде Қытайдың сирек жер металдарының экспортына шектеуді бір жылға шегеру туралы келісімінің жай-жапсары талқылануы керек болған. Бұған қоса, Пекиннің Американың ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауды жалғастырып, АҚШ-қа фентанилді заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою мәселесін талқылайтыны айтылған. Трамп әкімшілігі есесіне Қытайдан келетін тауарларға салынатын жүз пайыздық баж салығынан бас тартуы керек болған.

Кездесу алдында Дональд Трамп "бүгін сәтті келіссөз болады. Оған күмәнім жоқ" деп оптимистік көңіл-күйде екенін білдірді. Ал Си Цзиньпин екіжақты қарым-қатынастың "берік іргетасын қалау үшін" бірігіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Кездесу аяқталғаннан кейін екі басшы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

XS
SM
MD
LG