Accessibility links

Мәжіліс үш жылдық бюджетті қабылдады


22 қазанда мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі 5,3 пайыз болады деген болжам айтылып отыр. 2026 жылы республикалық бюджеттің кірісі - 19,2 трлн (трансфертті есептемегенде), 2027 жылы – 21,2 трлн, 2028 жылы – 23,2 трлн теңге болмақ. Құжатта доллар бағамы 540 теңге, мұнай барреліне 60 доллар болады деп бекітілген.

Республикалық бюджеттің шығыны үш жылда:

2026 жылы – 27,7 трлн теңге;

2027 жылы – 28,8 трлн теңге;

2028 жылы – 29,8 трлн теңге болмақ.

"Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаяды деп болжанады. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсу 2,8 пайыз, ауыл шаруашылығында — 3,9 пайыз, құрылыста — 11,0 пайыз, көлік қызметтерінде — 10,1 пайыз және саудада — 6,7 пайыз болады" деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Келесі жылы инфляция – 9-11 пайыз, 2027-2028 жылдары орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн 770 млрд теңге алып отыру көзделген.

Заң жобасын қарау кезінде депутаттар аймақтарды дамытуға арналған бюджет шығынын арттыруды ұсынған. Осы мақсатқа үкімет резервінен қосымша 30 млрд теңге және мемлекет қарызын өтеуге жұмсалатын қаржыдан 16,5 млрд теңге бөлінбек. Қаражат жылу электр орталықтары, газ бен суды қамтамасыз ету, жағалауларды нығайту және өзге де мақсаттарға жұмсалмақ.

Алдағы үш жылда ең төменгі жалақы мөлшері сол күйінде қала бермек.

Үш жылдық бюджет жобасында негізгі қаржылық есептік көрсеткіштер мынандай шамада болмақ:

1) жалақының ең төмен мөлшерi — 85 мың теңге;

2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері — 35 596 теңге;

3) зейнетақының ең төмен мөлшерi — 69 049 теңге;

4) айлық есептiк көрсеткiш — 4 325 теңге;

5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеуге қажетті ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы — 50 851 теңге.

Қазақстанның табысы әлі де мұнай-газ секторына тәуелді. Экономиканы әртараптандыру бойынша талпыныстарға қарамастан мұнай-газдан түскен кіріс салықтар мен Ұлттық қордан түсетін трансферттер есебінен республикалық бюджеттің негізгі кіріс көзі күйінде қалып отыр.

XS
SM
MD
LG