Accessibility links

Маңғыстау облысында теміржолшылар қысым мен қоқан-лоқыға шағымданды


Бейнеудегі теміржолшылар үндеу жасап тұр. Маңғыстау облысы, қазан, 2025 жыл.
Бейнеудегі теміржолшылар үндеу жасап тұр. Маңғыстау облысы, қазан, 2025 жыл.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында теміржолшылар қысым мен қоқан-лоқыға шағымданды. "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі оқиғаны "тұрмыстық сипаттағы" жағдай деп атады.

Теміржолшылардың мәлімдемесін "Бәсе" арнасы жариялады. Видеода жұмысшылар еңбек құқықтары бұзылғанын мәлімдегеннен кейін өздеріне қоқан-лоқы жасалғанын айтады.

Олардың айтуынша, 22 қазанда бөлім бастығы қысқы киім мен өзге де еңбек жағдайы мәселелері бойынша кәсіподақ мүшелерімен жиналыс өткізген. Осы жиынға басшымен ілесіп, бейтаныс екі адам келіп, жиналыстан кейін кәсіподақ мүшелеріне қоқан-лоқы жасаған. "Жиналыс барысында көтерілген мәселелерге араласып, қорқытып-үркітіп жанжал шығарды" деді жұмысшылар.

Олар осындай жағдай үшінші рет қайталанып отырғанын айтып, бастықты жұмыстан шығаруды, қысым жалғаса берсе, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болатынын айтады.

Жұмысшылардың мәлімдемесіне көп ұзамай "Қазақстан темір жолы" және бас көлік прокуратурасы реакция білдірді.

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, компанияның орталық аппараты "түсіндіру жұмыстарын" жүргізіп жатыр және басшының әрекетін тексереді. Компания өкілдері сонымен бірге жұмыс тоқтамағанын, көлік прокуратурасы "жағдайды бақылауда ұстап отырғанын" айтты.

Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі "оқиғаның тұрмыстық сипаты" барын және ол "жекелеген қызметкерлер мен аймақтық бөлім басшылары арасындағы түсінбестікке қатысты" туындағанын мәлімдеді.

Бұған қоса, "оқиғаны объективті және жан-жақты зерттеу үшін" аймаққа "Қазақстан темір жолы" орталық аппараты және "Магистральды желі дирекциясынан" жұмыс тобы баратынын да айтты. Мамандар қызметтік тексеріс жүргізіп, мәлімдемеде айтылған фактілерге баға бермек.

"Компания басшысы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Тексеріс нәтижесі бойынша еңбек заңнамасы мен ішкі ережелерге сәйкес тиісті шешімдер қабылданады" деп жазылған компания хабарламасында.

XS
SM
MD
LG