Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов түрмедегі белсенді, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы мен басқа колонияға ауыстыру туралы талабы жөнінде журналистердің сұрақтарына жауап берді.
“Оның денсаулығы тиісті деңгейде... Түзету-пенитенциарлық мекемелердің жағдайын қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аймақтық басқарма басшылары анықтайды. Бәрі жасалған қылмысқа қатысты анықталады. Нақты жағдайда егер ауыстыру, орналастыру бойынша сұрақтар болса, денсаулық жағдайы, қамау жағдайын қылмыстық атқару жүйесі комитеті заңға сәйкес қамтамасыз етіп жатыр деп сендіргіміз келеді” деді Әділов сәрсенбі күні журналистерге.
Бұған дейін Қызылорда түрмесінде отырған белсенді Думан Мұхаммедкәрім адвокаты арқылы өзінің камерасына белгісіз жарылғыш зат лақтырылғанын айтқан. Өзінің қауіпсіздігіне алаңдаған ол өзін Алматыдағы түрмеге ауыстыруды сұрап, аштық жариялаған еді.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов бұған дейін Думан Мұхаммедкәрім 20 күн ішінде шамамен 12 келідей жоғалтқанын айтқан: аштықтың басында медицина журналында 69,8 келі деп жазылса, 17 қыркүйекте 57,4 келі болған. Думан Мұхаммедкәрім арқасы қатты ауыратынын, бауыры да нашарлағанын айтқан.
- 47 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен былтыр тамызда жеті жылға сотталған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.
- Мұхаммедкәрімге қарсы қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
- 20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастады. Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
- Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
- Бұған дейін халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түскен. Қараша айының басында апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.