Accessibility links

"Хочу жить" Украинадағы соғыста қаза болды деген 270 қазақстандықтың тізімін жариялады


Украиналық "Хочу жить" жобасы Украинада Ресей әскері қатарында соғысып, қаза болды деген қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Тізімде 270 адамның аты-жөні бар. Олар соғыс кезінде қаза болған немесе із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматтары делінеді. Жоба авторларының айтуынша, тізім толық емес – қаза болғандар мен жоғалғандардың саны одан да көп болуы мүмкін.

“Қаза болғандардың ең жасы – Андрей Богомолов, 2005 жылы туған. Ол 19 жасында қаза болған. Ең үлкені – 254-мотоатқыштар полкінің мүшесі 64 жастағы Александр Ялфимов” деп жазылған хабарламада.

Азаттық әзірге ондағы аты-жөндерді тексеріп, мәліметтің нақты екеніне көз жеткізе алмады. Бірақ бұған дейін қордың Қазақстанға қатысты жариялаған мәліметтері дұрыс болып шыққан.

Қазақстан билігі әзірге аталған тізімге реакция білдірмеді.

Украинада Ресей әскері қатарында соғысқан қазақстандықтар туралы ақпарат алғаш рет пайда болған кезде Қазақстан ішкі істер министрлігі “мәліметті тексеру қажеттігін” айтқан еді. Ізінше осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Шілдеде жоба 2025 жылдың алғашқы алты айында кемінде 529 қазақстандық Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасасқанын хабарлаған.

Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG