Германияда Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов ұсталды. Бұл жөнінде Қазақстан ішкі істер министрлігіне сүйенген жергілікті БАҚ жазды.
Халықаралық іздеуде болған Дүйсеновті немістің құқық қорғау органдары ұстаған.
"Интерполдың ұлттық орталық бюросы Қазақстан ішкі істер министрлігінің өтінішімен Фюрт қаласында (Германия) халықаралық іздеуде жүрген Д. есімді азамат ұсталды" деп хабарлады Қазақстан ІІМ өкілдері.
Мақсат Дүйсенов Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін 2018 жылдың тамызы мен 2019 жылдың сәуір аралығында атқарған. Оған дейін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі болған. Әр жылдары Қауіпсіздік кеңесі, "Самұрық-Қазына" қорында да бірқатар лауазымды қызметтер атқарған.
2012 жылы ол Алматыда қоластындағы қызметкерлердің пара алғаны үшін экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес департаментінің жетекшісі қызметінен қуылған.
Бірнеше апта бұрын ҚазТАГ бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қарамағында істеген Дүйсеновке іздеу жарияланғанын жазған. Қожамжаровтың өзіне қарсы тергеу басталғаны бұған дейін белгілі болған.