Accessibility links

Эстония СІМ: ресейлік жойғыш ұшақтар елдің әуе кеңістігін бұзды


Эстония СІМ әуе кеңістігінің бұзылуына байланысты наразылық нотасын тапсыру үшін Ресейдің уақытша уәкілін шақырды.

Ведомствоның мәлімдемесіне қарағанда, жұма, 19 қыркүйекте үш ресейлік МиГ-31 жойғыш ұшағы Эстонияның әуе кеңістігіне рұқсатсыз кіріп, 12 минут болған.

"Биыл Ресей Эстонияның әуе кеңістігін төрт рет бұзды. Бірақ бүгінгі басып кіру бұрын-соңды болмаған өрескел әрекет" деді сыртқы істер министрі Маргус Цахкна.

Эстонияның ERR телерадиокомпаниясының хабарлауынша, оқиға Фин шығанағындағы Вайндло аралында болған. Жойғыш ұшақтардың ұшу жоспары көрінбеген, ал транспондері өшірілген.

Politico басылымының дерегінше, жойғыш ұшақтар Таллинге қарай бағыт алған. Ал оларға тойтарыс беру үшін италиялық F-35 ұшағы әуеге көтерілген.

Премьер-министр Кристен Михалдың айтуынша, Эстония қатер төнген жағдайда НАТО жарғысының 4-бабына жүгінеді. Британдық Guardian жазуынша, 1949 жылы НАТО құрылғалы бері бұл бап жеті рет пайдаланылған. Соңғы рет Польша өткен аптада – шамамен 20 ресейлік дрон елдің әуе кеңістігін бұзып кірген кезде қолданған.

10 қыркүйекке қараған түні шамамен 20 дрон Польшаның әуе кеңістігін бұзып кірген. Польша мен НАТО елдерінің жойғыш ұшақтары әуеге көтерілген. Бірнеше дрон атып түсірілді. Польшаның премьері Дональд Туск оқиғаны "ірі арандатушылық" деп атады. Ресей әскері Украинаның батыс бөлігіне соққы жасағанын, бірақ Польшаның аумағындағы нысандарға шабуылдауды жоспарламағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG