Accessibility links

ЕҚЫҰ жиынында Азаттықтың ахуалы айтылды


Азат Еуропа/Азаттықтың Прагадағы бас кеңсесі.
Азат Еуропа/Азаттықтың Прагадағы бас кеңсесі.

Варшавада Адамзат өлшемі конференциясының баспасөз ахуалына арналған бөлігінде сөз сөйлеген "Құқықтық медиа орталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова Қазақстан билігінің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермегенін де айтты.

“Сот шешімімен қазақстандық 16 журналист шетел журналисіне теңестіріліп, оларды кәсіби міндетімен айналысу құқығынан айырды. Қазір мәселе редакцияның жартысы туралы болып отыр. 14 қарашада келесі журналистерге аккредитация беру мәселесі шешіледі. Қазір Азаттық пен Қазақстан СІМ арасында сот жүріп жатыр. Азаттық тілшілері жұмысына орала ала ма, жоқ па, білмейміз” деді заңгер.

Ол Қазақстан билігінің журналистерге аккредитация бермеу кейсін елдің халықаралық қауымдастық алдындағы міндетін орындамау ретінде тануды сұрады.

"Өкінішке қарай, мемлекет таңдап цензура жасау құралына ие болды. Ыңғайсыз ақпарат құралының журналисіне аккредитация бермеу арқылы оларды кәсібінен айыруға болады. Сондықтан біз Азаттық радиосына аккредитация бермеу төңірегіндегі жағдайды Қазақстанның пікір білдіру бостандығы саласында мойнына алған міндеттемелерін орындаудан бас тартуы деп қабылдауды және баспасөз бостандығын шектейтін аккредиттеудің жаңа ережелерін қайта қарауға қол жеткізуді, журналист қызметін атқаруға кедергі келтіргендерге шынайы жауапкершілік жүктеу үшін заңнамаға жүйелі өзгеріс енгізуді талап етуді сұраймыз. Азаттық радиосы Қазақстанға керек" деді Біржанова.

Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттықтың Қазақ қызметі өз тілшілеріне аккредитация бермеген Қазақстан сыртқы істер министрлігі үстінен сотқа шағым түсірген еді. Қазақстан СІМ Азаттықты аккредитациясы болмаса да, жұмыс істеді деп айыптаған. Ал Азаттық сотта аккредитация беру туралы өтінішті уақытында берсе де, оны қарау мерзімін ведомствоның өзі негізсіз ұзартқанын айтқан.

20 тамыз күні Астана қаласының ауданаралық арнаулы әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) жеті қызметкерінің Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің шешіміне қарсы берген талап-арызын қанағаттандырмай тастаған. Ал 17 қыркүйекте Астана соты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өтінішімен Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің аккредитацияға қатысты шағымын қарауды тоқтатты.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін журналистерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.

XS
SM
MD
LG