Министрлік N12 орталық ауруханада дәрігерлерден коронавирус табылды деген ақпаратты тексеріп жатыр
11 сәуірде денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп Алматы қаласындағы N12 орталық ауруханада бірнеше дәрігерге коронавирус жұқты деген ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады. Бұған дейін әлеуметтік желіде "орталық ауруханадағы бірнеше дәрігерден коронавирус табылды, бірақ аурухана вирус ошағы ретінде карантинге жабылмай отыр" деген ақпарат шыққан еді.
- Қазір тексеріп жатырмыз. Тексеріп анық-қанығын білейік. Кім ауырды? Шынымен ауырды ма? Ауырса оны қайдан жұқтырған? Анық-қанығын білген соң брифинг жасаймыз немесе ресми ақпарат таратамыз, - деді Диас Ахметшәріп Азаттық тілшісіне.
31 арна тілшісі Ирина Советжанқызы 11 сәуірге қараған түні Facebook желісінде аурухана қызметкерлерінің хатына сүйене отырып, бір медбике, бір санитар, бір травмотолог және бір хирургтан вирус табылғанын жазды.
"Медбике мен санитар кісінің ауырғанына үш күн болған, тест нәтижесін бүгін алыпты. Бірақ Алматының денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтанға хабарлауға асықпай отыр деп айтады. Егер хабарланса, аурухана covid ошағы ретінде карантинге жабылуы керек. Сонда ол ауруханада жатқан онсыз да денсаулығы дімкәс қаншама науқас пен бір ғана қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін 500-дей қызметкердің өмірі ойыншық па? Қазір төртеуі де 12-де жатыр, оқшауланған. Бірақ олармен контактіде болғандар қаншама адаммен байланысқа түсіп жатыр емес пе?..." деп жазды.
11 сәуірде таңертең Азаттық тілшісі орталық ауруханаға хабарласқан кезде қызметкерлері "жиналыс өтіп жатыр, кейінірек хабарласыңыз" деп тұтқаны қоя салды. Ал кейбір қызметкерлерлер "ештеңе айта алмаймыз" деді.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бар ақпаратты министрліктен алу қажеттігін айтты.
Қызылорда облысы: 9 науқас анықталғаннан кейін ауыл карантинге жабылды
Денсаулық сақтау министрлігі 11 сәуір таңертең Қызылорда облысында 11 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Сырдария ауданында - 8, Арал ауданында - 1, Қазалы ауданында 1 адамнан вирус табылған.
Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, Сырдария ауданының Амангелді ауылында тоғыз тұрғыннан коронавирус табылғаннан кейін ауыл карантинге жабылған. Ауыл тұрғындарының бір-біріне араласуына шектеу қойылған. Бұл туралы облыстан ресми ақпарат тарататын kyzylorda-news.kz сайты жазды. Олардың барлығы науқастармен байланыста болған.
"Әскерилер үш ауылда (Шиелі ауданында - Қодаманов, Бала би ауылдары, Сырдария ауданында - Амангелді ауылы) толық залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Барлық анықталған ошақтар зарарсыздандырылды" деген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов 11 сәуір күнгі брифинг кезінде.
Басқарма дерегінше, Қазалы ауданы Майдакөл ауылында коронавирус табылған науқас Нұр-Сұлтан қаласынан келген.
Қазір Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар 116 адамға жетті: Қызылорда қаласында – 12, Жаңақорған ауданында – 17, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 55, Сырдария ауданында – 23, Арал ауданында – 4, Қазалы ауданында – 1 науқас бар. Бұл аймақ вирус жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан (229) мен Алматыдан (128) кейін тұр. Сәуір айының басында Қызылорда қаласы мен бірқатар аудан және ауылдарда карантин жарияланып, облыста шектеу шаралары күшейген.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 19 адамға көбейді
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 11 сәуір түскі сағат 12:40-та тағы 19 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Алматыда - 9, Нұр-Сұлтанда - 2, Қарағанды облысында - 1, Павлодар облысында - 5, Шымкент қаласында 2 адамға вирус жұққан.
Жалпы науқастар 859 адамға жетті:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 231
- Алматы қаласы – 137
- Қызылорда облысы – 116
- Ақмола облысы – 61
- Қарағанды облысы – 62
- Түркістан облысы – 35
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 10
- Атырау облысы – 45
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Жамбыл облысы – 46
- Шымкент қаласы – 33
- Батыс Қазақстан облысы – 6
- Қостанай облысы – 3
- Маңғыстау облысы – 9
- Павлодар облысы – 9
Қазақстанда барлығы 10 науқас қайтыс болған. 10 сәуір түнде Алматы қаласында коронавирус жұқтырған 1963 жылғы науқастың қайтыс болғаны хабарланды.
Барлығы 64 адам айыққан.
Алматы: Денсаулық басқармасы орталық ауруханадағы дәрігерлерге вирус жұққанын растады
11 сәуір түсте Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі N12 қалалық орталық клиникалық ауруханада істейтін 12 медицина қызметкері: 10 мейірбике және 2 дәрігерге коронавирус жұққанын растады.
Бұған дейін Алматы қаласындағы N12 орталық ауруханада істейтін бірнеше дәрігерден коронавирус табылғаны, аурухананың әлі күнге дейін карантинге жабылмағаны хабарланған болатын.
"Аурухананы карантинге жабу мәселесін эпидемиологтар шешеді" деді Нәбира Есенова Азаттық тілшісіне.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, вирус жұққан екі медицина қызметкерінің жағдайы "полисегментті пневмонияға байланысты ауыр, қалғанының жағдайы бірқалыпты".
"Қазіргі кезде эпидеомологиялық тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қалалық шұғыл штаб жағдайды бақылап отыр. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін белгілі бір шаралар атқарылып жатыр. Олармен байланыста болған барлық адамдар іздестіріліп, карантинге орналастырылады" деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Сенбі күні қалада 12 медицина қызметкерінен бөлек, тағы екі адамнан коронавирус табылған. Науқастармен байланыста болған 2000 жылғы жас жігіт және Куала-Лумпурдан келіп, карантинге жатқызылған 24 жастағы қыз баладан вирус анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 10 сәуір күнгі дерегі бойынша, Қазақстанда 120 дәрігерге коронавирус жұққан.