Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:48 7.4.2020

Түркістан облысында жағдайы нашарлаған екі науқас Шымкентке жеткізілді

Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласы.
Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласы.

Түркістан облысында короновирус жұқтырып денсаулығы нашарлаған екі адам Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді. Бұл туралы 7 сәуір күні Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова айтты.

Айгүл Бекбауованың сөзіне қарағанда, Түркістан облысынан жеткізілген екі науқастың жағдайы ауыр. Жан сақтау бөлімінде жатыр.

Түркістан облысында короновирус жұқтырғандар саны 33 адамға жетті. Олардың ішінде екі сәби бар. Аймақтағы Жетісай ауданы мен Бадам, Дербес, Еңкес, Қосбұлақ, Ханқорған және Наурыз ауылы және үш аурухана мен үш көпқабатты үй карантинге жабылған. Облыста көшеге шыққандарға маска тағу міндеттелген. Автовокзалдар мен темір жол вокзалы жұмысын тоқтатқан. Ондаған блокбекет қойылған.

4 сәуір күні Түркістан облысы Жетісай қаласының 64 жастағы тұрғыны короновирустан қайтыс болды. Марқұм қала шетіндегі Молдаөлген зиратына жерленді. Жерлеу рәсіміне карантинде жатқан оның балалары мен туыстары қатыспады. Марқұм Алматы қаласында қонақта болып келген соң дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Кейін одан короновирус табылып, 29 наурызда жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 670 адам болды. 46 адам айыққан. 6 адам қайтыс болған.

12:33 7.4.2020

Әзербайжан 65 жастан асқан тұтқындарды түрмеден босатады

Карантин енгізілген Бакуде күштік құрылым өкілдері тұрғындардың құжаттарын тексеріп жатыр. 6 сәуір 2020 жыл.
Карантин енгізілген Бакуде күштік құрылым өкілдері тұрғындардың құжаттарын тексеріп жатыр. 6 сәуір 2020 жыл.

Әзербайжан коронавирустың таралуын тежеу үшін 65-тен асқан тұтқындарға рақымшылық жасайтынын мәлімдеді. Президент Ильхам Әлиев 6 сәуірде қол қойған жарлыққа сәйкес, алдағы күндері 176 тұтқын (бір Ресей азаматын қосқанда) бостандыққа шығады. Олардың арасында ұлттық қауіпсіздік министрлігінің бұрынғы өкілі 67 жастағы генерал Акиф Ковдаров та бар.

Министрліктің энергетика және көлік қауіпсіздігі баcқармасын басқарған бұрынғы шенеунік 2015 жылы қамалып, 2017 жылы 12 жылға сотталған болатын. Оған "билік өкілетін асыра пайдалану", "парақорлық" және өзге баптар бойынша айып тағылды.

6 сәуірде Әлиев карантин уақытын кемінде 20 сәуірге дейін ұзартты.

Соңғы мәлімет бойынша, Әзербайжанда 641 адамнан коронавирус табылған. 7 адам қайтыс болған. 44 адам жазылған.

13:22 7.4.2020

Қазақстанда тағы 15 адамнан коронавирус табылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 7 сәуір түскі сағат 14:10-да 15 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Шымкентте – 1, Қарағанды облысында – 7, Жамбыл облысында – 5, Қостанай облысында – 2 адамға вирус жұққаны анықталған.

Жалпы науқастар саны 685 адамға жетті:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 222
  • Алматы қаласы – 119
  • Шымкент қаласы – 20
  • Ақмола облысы – 42
  • Ақтөбе облысы – 11
  • Алматы облысы – 10
  • Атырау облысы – 32
  • Шығыс Қазақстан облысы – 6
  • Жамбыл облысы – 45
  • Батыс Қазақстан облысы – 2
  • Қарағанды облысы – 55
  • Қостанай облысы – 3
  • Қызылорда облысы – 54
  • Маңғыстау облысы – 5
  • Павлодар облысы – 1
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 25
  • Түркістан облысы – 33.

47 науқас (Нұр-Сұлтанда - 24, Алматыда - 21, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Ақтөбе облысында - 1) айыққан. Алты адам көз жұмды.

14:32 7.4.2020

Құқық қорғаушылар індет кезінде саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Нұр-Сұлтандағы әкімшілік жазаға тартылғандарды қамауда ұстайтын уақытша изолятор.
Нұр-Сұлтандағы әкімшілік жазаға тартылғандарды қамауда ұстайтын уақытша изолятор.

Қазақстандық құқық қорғаушылар халықаралық қауымдастықты Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатып, саяси қудалауды тоқтатуға көндіруге шақырды.

16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған. Сол уақыттан бері Қазақстанның кемінде жеті қаласында пікірін ашық айтып жүрген кемінде 32 белсенді ұсталған. 17 адамға айыппұл салынған немесе ескерту берілген. 6 сәуірде жарияланған құқық қорғаушылар мәлімдемесінде осындай мәлімет айтылады.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер "Қазақстан билігінің індетпен күресудің орнына саяси оппоненттерін қудалауды жалғастырып жатқанын" көрсетеді.

Мәлімдемеде тұтқындардың қорғансыздығы және түрмелердегі санитарлық жағдайдың нашар екені айтылады. Олар түрмеде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін жедел шара қолдану қажеттігін алға тартқан.

"Біз құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған: Әсет Әбішев, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Арон Атабек, Макс Боқаев, Ержан Елшібаев, Жамбыл Көбейсінов, Руслан Гинатуллин, Игорь Чуприн, Игорь Сычев, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлын мерзімінен бұрын ерте босатып, өтелмеген жаза мерзімін жазаның жұмсартылған түрімен алмастыруды сұраймыз" делінген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасында жарияланған мәлімдемеде.

Мәлімдемеге Бақытжан Төреғожинамен қатар құқық қорғаушылар Ғалым Ағелеуов, Елена Семенова, "Қаһарман" құқық қорғау тобы, "405" құқық қорғау қозғалысы өкілдері қол қойған. Мәлімдеме БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары, Еуропа кеңесі, Еуропарламент, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (БДИПЧ/ЕҚЫҰ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Қазақстандағы бірқатар елшіліктерге бағытталған.

Құқық қорғаушылар мәлімдемеде айтылған жайттармен келіскен қолданушыларды пост астына комментарий ретінде аты-жөнін, қызметін жазып, қол қоюға шақырған. Бір күн ішінде жазбаның астына жүздеген пікір жазылған, шамамен 200 рет репост жасалған.

Наурыз айының ортасында билік төтенше жағдай жариялағаннан кейін екі күн өткен соң қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмеде коронавирус жоқ екенін мәлімдеген. Бірақ комитет төтенше жағдай кезінде тұтқындарға туыстарымен кездесуге тыйым салған. Комитет дерегінше, түрмелерде коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары жүргізілген. Тергеудегі азаматтар мен тұтқындар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген, дезинфекция жасалып, инфекциялық бақылау күшейген. Камералар кварц сәулесімен тазартылып, маска режимі енгізілген.

Ал бірақ құқық қорғаушылар мәлімдемесінде түрмелерде карантин шарттары сақталмай жатқаны, тұтқындар мен түрме қызметкерлерінің маска тақпай жүргені, қорғаныш құралдары жоқ екені айтылған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, билік тұтқындардың шынайы жағдайы туралы ақпаратты жүйелі түрде жасырады, көбіне қылмыстық атқару жүйесі комитеті таратқан "үстірт, объективті емес" ресми ақпаратқа сүйенеді.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 685 адамнан коронавирус табылған. Олардың 51 пайызы - Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Екі қала 19 наурыздан бері карантинге жабылған. Наурыздың соңы және сәуір айының басында бірқатар қалалар мен облыстар, аудан, ауылдар карантинге көшкен.

Тағы

XS
SM
MD
LG