Ауғанстанда халықтың үштен бірі коронавирус жұқтырған болуы мүмкін
Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігінің жобалауынша, ел халқының үштен бірі немесе 10 миллионға жуық адам коронавирус жұқтырған болуы ықтимал.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, дүние жүзі бойынша 18,7 миллион адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 706 мың науқас дерттен айыға алмай көз жұмған. Коронавирус жұқтырғандардың саны жөнінше көш бастап тұрған АҚШ-та бес миллионға жуық адам осы ауруға шалдыққан.
Ресми дерек бойынша, Ауғанстанда 37 мыңға жуық науқас тіркелген. Эпидемия басталғалы инфекциялық аурудан 1294 адам қайтыс болған. Сарапшылардың айтуынша, вирусты жұқтырғандар саны бұдан әлдеқайда жоғары.
Инфекцияны жұқтырып алғандар 10 миллион шамасында болуы мүмкін екенін елдің денсаулық сақтау министрі Ахмад Джавад Османи мәлімдеді. Оның сөзінше, мұнда болжам 9,5 мың тұрғыннан тест алғаннан кейін жасалған. Зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен жүргізілген. Зерттеу бойынша, ел астанасы Кабулда бес миллион тұрғынның жартысы вирусты жұқтырған болуы мүмкін.
Ауғанстанда алғашқы коронавирус науқасы ақпан айында анықталды. Ол кезде мыңдаған ауған мигранты мен босқыны індет қатты өршіп тұрған Ираннан оралған.
Пневмониясыз статистика. Covid бір күнде 1060 адамнан анықталды
5 тамыз күні Қазақстанда 1060 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Covid жұқтырған 547 адамда ауру белгілері байқалған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Тәулік көрсеткіші бойынша әдеттегідей Нұр-Сұлтан (210) және Алматы (180) қалалары көш бастап тұр. Ең төменгі көрсеткіш Ақтөбе (11) және Қызылорда (14) облыстарында тіркелген.
Қазақстанда барлығы 95 942 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған.
Алматы қаласында - 12820 (+180 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласында -12344 (+210),
Атырау облысында - 10467 (+46),
Қарағанды облысында - 9075 (+87),
Шығыс Қазақстан облысында - 6953 (+97),
Батыс Қазақстан облысында - 6102 (+53),
Шымкент қаласында - 5044 (+19),
Алматы облысында - 4577 (+64),
Жамбыл облысында - 3764 (+40),
Павлодар облысында - 3447 (+42),
Солтүстік Қазақстан облысында - 3374 (+49),
Қызылорда облысында -3110 (+14),
Ақтөбе облысында - 3083 (+11),
Маңғыстау облысында - 3030 (+35),
Қостанай облысында - 2953 (+45),
Түркістан облысында - 2902 (+30),
Ақмола облысында - 2897 (+38).
Ресми дерек бойынша, коронавирустан жазылып шыққандар 1840 адамға артып, 68 871-ге жетті. Инфекциялық аурудан барлығы 1091 адам қайтыс болған. Бұл дерекке коронавирус инфекциясын жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген адамдар мен коронавирустық пневмониядан қайтыс болғандар кірмей отыр.
Қазақстан 2 тамызда алғаш рет зертханалық анализбен расталмаған коронавирустық пневмония дерегін жариялады. Содан бері күн сайын хабарлануы тиіс бұл дерек, коронавирус статистикасынан кештеу жарияланатын болды және ол расталған коронавирус жағдайлары секілді аймақтар бойынша бөлініп хабарланбайды. Бар болғаны екі-ақ сан беріледі: ауруға шалдыққандар және аурудан қайтыс болғандар.
Coronavirus2020.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 1 тамыздан бастап 8054 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталып, дерттен 86 адам көз жұмған.
Үкімет 17 шілде күні, этиологиясы белгісі вирустық пневмония өршіген тұста 1 тамыздан бастап коронавирус пен ПТР тестімен расталмаған бірақ белгілері бойынша соған ұқсайтын вирустық пневмония дерегін біріктіретінін мәлімдеген. Бірақ екі апта дайындықтан соң Қазақстан билігі маусым және шілде айындағы коронавирустық пневмонияның дерегін негізгі статистикаға қоспайтын болды. Ал 2 тамыздан кейін жарияланған мәліметтің өзі коронавирус статистикасынан бөлек көрсетіліп, негізгі дерекке біріктірілмеді.
Егер екі дерек біріктіріліп жарияланса, Қазақстанда коронавирус ауруына шалдыққандардың жалпы саны 104 мыңға жетуші еді.
Өткен тәулікте "коронавирусқа ұқсас" пневмонияға 1799 адам шалдыққан, 17 адам қайтыс болған
Қазақстанда 1 тамыздан бері белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 8 054 адам шалдыққан, 86 адам қайтыс болған. 5 тамыз күнгі денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында осындай мәлімет айтылған.
Өткен тәулікте елде 1 799 адамның пневмонияның осы түріне шалдыққаны анықталған, 17 адам қайтыс болған.
Қазақстан 1 тамыздан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды және одан қайтыс болғандарды нөлден бастап жаңадан есептеп, күн сайын жариялап отыратынын айтқан еді. Ведомство аймақтар бойынша мәліметтерді де жариялауға уәде берген. Бірақ әзірге ондай мәлімет жарияланбады. Министрлік хабарламасында аймақтар бойынша мәліметтің апта сайын ведомство басшысының брифингісі кезінде айтылатыны жазылған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Науқастардың 32 мыңы - маусым айында, 135 641 - шілде айының алғашқы жартысында тіркелген.
Шілде айының ортасында денсаулық сақтау министрлігі "коронавирусқа ұқсайтын" пневмонияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша Covid статистикасымен біріктіретінін айтқан еді. Кейінірек екі ауру көрсеткішін екі бөлек жариялайтыны, бұған қоса осыған дейін тіркелген пневмонияға шалдыққандар туралы мәлімет енгізілмейтіні белгілі болды. Кейбірі мұны "деректі бұрмалау" деп атаған. Министрліктің өзі "біз ештеңені жасыруға тырысып отырған жоқпыз, коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандардың нақты санын білгіміз келеді" деп мәлімдеген. Олардың айтуынша, бұған дейін тіркелгендер арасында пневмонияның өзге түріне де шалдыққандар болғандықтан оларды ажыратып есептеу мүмкін емес.
Халықаралық БАҚ-та этиологиясы белгісіз адам өліміне жиі себеп болып жатқан "қазақстандық пневмония" туралы айта бастаған соң денсаулық сақтау министрлігі елде белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония барын мойындаған еді.
Бір күнде 1062 адамнан коронавирус табылған, пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар көбейді
Қазақстанда өткен тәулікте 1062 адамнан коронавирус табылған. Бір күнде 1899 адам жазылған. Coronavirus2020.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, елде белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар 6255-ке жеткен, 69 адам қайтыс болған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіштер 5 979 және 51 болған еді. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде пневмония бойынша жаңа мәлімет таратпады.
Елде барлығы 94 882 адамға коронавирус жұққаны анықталған. Алматы (12 640) мен Нұр-Сұлтан (12 134) қалалары және Атырау облысы (10 421) алда тұр. Қалған аймақтарда вирус жұқтырғандар 10 мыңға жетпеген.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда - 210, Алматыда 176 адамнан коронавирус табылған. Ең төмен көрсеткіш Ақтөбе облысында тіркелген. Мұнда бір күнде 11 жаңа науқас анықталған.
Эпидемия басталғалы бері ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 1091 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус анықталған қайтыс болған жүздеген адам өлімі енбеген. Арнайы комиссия олардың "коронавирустан емес, ілеспе аурулардан қайтыс болғанын" айтады. Елде ресми дерекке күмән келтіретіндер де бар.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды және одан қайтыс болғандарды нөлден бастап жаңадан есептеп, күн сайын жариялап отыратынын айтқан еді. Ведомство аймақтар бойынша мәліметтерді де жариялауға уәде бергенмен әзірге "пневмония статистикасы" жарияланбады.
Соңғы мәлімет бойынша, бірнеше күн ішінде осындай ауруға шалдыққан 6 255 науқас анықталған, 69 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған. 1 тамызға дейін тіркелген науқастар бұл есепке енбеген. Министрлік олардың арасында "коронавирусқа ұқсайтын" пневмониямен қатар өзге түрлеріне шалдыққандар болғандықтан оларды жаңа есепке қоспайтынын айтқан.
4 тамыз күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус ахуалы тұрақталды деп айтуға болады деп мәлімдеді. Бірақ брифинг кезінде пневмония туралы мүлде айтылмады.