Австрияның OMV деп аталатын мұнай-газ компаниясы Ресей мүддесіне тыңшылық жасады деген күдікке ілінген менеджерін жұмыстан шығарды. Бұл туралы Profil басылымы дереккөздерге сүйеніп хабарлады.
Тергеу мәліметінше, аты-жөні аталмаған күдікті Венада ресейлік дипломатпен ылғи кездесіп жүргенде арнаулы қызметтің назарына ілінген. Батыс арнаулы органдары әлгі ресейлік дипломаттың Ресей федералды қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) байланысы бар деп күдіктенеді.
Австрияның мемлекеттік қауіпсіздік және барлау басқармасы күдікке ілінген менеджерді бірнеше ай бойы бақылаған.
Profil басылымы дереккөздерінің айтуынша, OMV ол менеджерді Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Дабидегі Ұлттық мұнай компаниясына іссапарға жіберген. Ол компанияның 25 пайыз үлесіне OMV иелік етеді.
OMV компаниясы әлгі қызметкерді жұмыстан босатқанын растады, бірақ басқа деректер бермеді және күдіктінің аты-жөнін жарияламады.
Бұл оқиғаға байланысты Австрия сыртқы істер министрлігі Ресейдің Венадағы елшілігінің уақытша сенімді өкілін шақыртты.