Тәжікстаннан мыңдаған адам жақсы өмір сүру мақсатында елінен жырақ кетіп, қысым мен қудалауға ұшыраса да кейбірі Ресейде жұмыс істеп жатқан шақта сонау Австралиядан келген отбасы Тәжікстанды таңдап, мұнда өз ісін ашқан.
Отағасы Джеффри Диллонның сөзінше, Тәжікстанның климаты мен экономикалық потенциалы оларды осында қалуға итермелеген. Мұнда отбасы мал шаруашылығы және бау-бақшамен айналысады, өзіндік бренд жасап, жергілікті нарыққа ірімшік, сүт пен йогурт тасымалдайды.
Австралиялықтар Джеффри мен Бетани Диллон Тәжікстанға алғаш рет 2022 жылы ауыл шаруашылығы бағдарламасы аясында келген. Олар осындағы тәжік және жоғалып бара жатқан яғноб тілдеріне қызығып, Соғды облысындағы Зафарабад ауданында тұрып көрген. Ізінше Тәжікстанда қалуды жөн көрген.
Тәжікстанда Жамшед деген аты бар Джеффри өзінің отбасымен бірге Равшан ауылында 20 жылдан астам уақыт тұрып келе жатыр. Оның отбасының шамамен 100 ешкісі және 10 асылтұқымды сиыры бар.
Джеффридің мамандығы фермер. Өзінің айтуынша, жер және мал шаруашылығы бала кезден таныс. Зафарабадта 2007 жылдан бері тұрады, ал шаруашылықты 2015 жылы қолға алған. Ол өзінің тәжірибесін жергілікті тұрғындарға да айтып отырады. Сондай ортақ табысты жобалардың бірі - құнарсыз топырақтың құрамын жақсартып, тұрақты түрде жақсы өнім жинауға мүмкіндік беретін технологияны жасау.
"Кез келген елде фермер - дәулетті емес. Оның тұрақты кірісі бар. Бірақ егер жылдам байығыңыз келсе - онда фермерлік бұл сіз іздеген нәрсе емес" деді Джеффри.
Бұл отбасы Тәжікстанды әдемі әрі сан алуан табиғаты үшін де таңдаған. Дәл осы фактор ерлі-зайыптыны Австралиядан қоныс аударуға итермелеген. Қазір енді оларды еңбек мигранттары деуге де болады.
Тәжік фермерлері жоғары салық, су тапшылығы мен тыңайтқыштардың қымбаттығына шағымданған шақта Джеффри бұл тұрғыда оптимистік көзқарас ұстанады.
"Тәжікстанда өте жақсы мүмкіндіктер бар: су, жер мен керемет ауа райы. Егер бәрін дұрыс пайдаланса, шетелге кетудің қажеті де жоқ. Әр адам мұнда жұмыс тауып, өмір сүре алады. Бізге шетелден май, ет немесе сүт тасудың қажеті де жоқ" дейді ол.
Отбасылық бизнес сүт өнімдерін сатуға негізделген. Негізгі клиенттері - Душанбе мен Худжандтағы супермаркеттер. Сүт өнімдері "Джингилапо" атты брендпен шығады. Бұл атау бұйра лақ туралы танымал балалар ертегісімен байланысты. Ірімшік төрт түрде - қара зере, бұрыш және хош иісті шөптермен өндіріледі. Ірімшікті қайнатумен Джеффридің әйелі - Бетани Диллон айналысады. Оны мұнда Бунафша деп атайды. Ол бұл істі Нидерланды және Швейцарияда оқып меңгерген.
Бунафша сонымен бірге бау-бақшамен де айналысады. Өзінің айтуынша, отбасын көкөніспен қамтамасыз етеді.
"Мұнда өсіруге болатын көкөністердің бәрін өсіреміз - қызанақ, баклажан және тағы басқа. Қысқа өнімдер әзірлейміз. Сирек кездесетін көкөністер де бар, мысалы Ауғанстан, Үндістан мен Америкада өсетін бамия бар. Биыл алғаш рет өсіріп көрдім - жақсы өнім берді" деді ол.
Отбасы тұратын аймақ елдегі ең құрғақ өңірлердің бірі саналса да, Бунафша су тапшылығы мәселесін қазіргі заманғы технологияның көмегімен шешкен.
"Тамшылап суғару әдісін енгіздік" деді ол.
2019 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қатысуымен "Жахида" атты отбасылық сүт фермасы ресми түрде ашылған.
Жамшед пен Бунафшаның жеті баласы бар. Үлкен балалары қазір Еуропа елдерінде білім алып жатыр. Бірақ отбасы Тәжікстаннан кеткісі келмейді. Қайта балалары елге келіп, осында жұмыс істейді деп үміттенеді.
Қазір ерлі-зайыпты елдегі табиғаты әсем орындардың бірі Яғноб аңғарында туристерге арналған қонақүй мен сервистік орталық салып жатыр. Олар кезінде өз сапарын осы жерден бастаған еді.