Accessibility links

Астана мен Көкшетауда бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды


Астанада оппозиция митинг өтеді деп белгілеген аумақта тұрған полиция көліктері, полицейлер. 2023 жыл.
Астанада оппозиция митинг өтеді деп белгілеген аумақта тұрған полиция көліктері, полицейлер. 2023 жыл.

Астана мен Көкшетауда бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды.

"Белсенділер экстремист емес" тобы астаналық белсенді Айбек Сәбитовтың видеосын жариялады. Онда белсенді Астана орталығындағы "митинг орнына" келгенін, онда ешкім жоғын айтады. Ол өзінің қымбатшылыққа, қосымша құн салығын өсіруге қарсы екенін жеткізіп, қазіргі режимді де сынайды.

"Жұрт қымбатшылықтан әбден шаршады" деді ол. "Тоқаев кет!" деп айқайлаған белсендіні топтың хабарлауынша, көп ұзамай полиция ұстап әкеткен.

Топтың хабарлауынша, Астанада белсенді Элвира Бекзадинаны да полиция кәмелетке толмаған балаларымен ұстаған. Сарыарқа аудандық полициясына әкетілгені хабарланды. Полициядағылар әзірге жауап бермеді.

Белсенді ұсталмай тұрып бірнеше сағат бұрын желіде жариялаған видеода оның НДС 16% деп жазылған плакатпен тұрғын үй маңында тұрғаны көрінеді.

Сенбі күні Көкшетауда да Бауыржан Балташевтің ұсталғаны хабарланды. Бірақ оның ұсталуына қатысты ақпарат жоқ.

Кейбір белсенділер бүгін үйлерінің маңын полицияның торуылдап жүргенін, сыртқа шыға алмай отырғанын хабарлады.

Бұған дейін шетелде жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге шығуға шақырған.

25 қазан күнгі ықтимал митинг қарсаңында елдің бірнеше өңірінде белсенділер ұсталып, қамалды. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялаған тізімде Астана, Семей, Орал, Екібастұз, Петропавл, Көкшетау және өзге де қалаларда ұсталған 15 адамның аты-жөні бар. Кемінде 10 адам 6-15 тәулікке қамалған. Кейбіріне айыппұл салынған.

Полиция ұстауларға түсініктеме бермеді. Сенбі күні Азаттық ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

Осыған дейін кей қалада полицияның “күшейтілген режимге көшірілгені” белгілі болған.

Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ізінше "Көше партиясы" ұйымы да елде тыйым салынған ұйымдар қатарына енген. Десе де, Еуропарламент аталған екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

  • Оппозиция митинг өтеді деп алдын ала белгілеген күннің қарсаңында белсенділерді полицияға шақырту, ұстап әкету, қамау – Қазақстанда авторитар жүйе орнықтырған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында үнемі қайталанатын жағдайға айналған. Биыл тамызда Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер мен құқық қорғаушылар ұсталған еді.
  • Назарбаевтан билікті қабылдап алған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен бейбіт жиындар туралы жаңа заңды құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес, бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат беру керек деген бұрынғы заңдағы талап сол күйі қалды деп сынға алды. Белсенділер жергілікті әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермес үшін түрлі сылтау ойлап табатынын айтады. Ондай сынға келіспейтін Астана митинг туралы жаңа заңды "демократиялық мазмұнда" деп атап, оны қабылдағаннан кейін Қазақстанда бейбіт жиындар "бірнеше есе" көбейді дейді.
XS
SM
MD
LG