Accessibility links

АҚШ вице-президенті: Ресей майдандағы жетістіктерін асыра бағалап отыр


АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс

Ресей Украинамен соғыста майдандағы жетістіктерін асыра бағалап отыр және осы жайт кейінгі айларда соғысты тоқтату бойынша келісімге қол жеткізуге кедергі келтірді. Newsmax басылымына берген сұхбатында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі кезде Ресей де, Украина да бейбітшілікке дайын емес, бірақ АҚШ жағдай өзгереді деп үміттенеді.

"Менің ойымша, олардың үмітінде ірі айырмашылық бар: орыстар майдан даласында жағдай жақсырақ деп ойлайды, шын мәнінде олай емес" деді Вэнс. Оның айтуынша, осы жайт кейінгі айларда белгілі бір ілгерілеушіліктерге қарамастан келісімге келуді қиындатқан.

Вэнстің айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың талпынысына қарамастан қазір "орыстар мен украиндар келісімге келетін орында тұрған жоқ".

Вице-президент бейбіт реттеу процесі АҚШ президенті командасы үшін сынаққа айналғанын мойындады және ара-тұра Трамптың "шыдамы таусылып кететінін" айтты.

Дегенмен Вэнс Трамптың талпынысы сәттілікпен аяқталады деп санайды. "Мәселе бұған қанша уақыт кететіндігінде" деді ол.

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс мәселесіне келгенде Ресей әскері майданның барлық бөлігінде алда келе жатқанын ылғи айтады. Кремльдің хабарлауынша, ол 16 қазан күнгі телефон әңгіме кезінде де Трампқа осыны айтқан. Алайда ресейлік және украин мониторингтік арналарының дерегінше, кейінгі апталарда орыс әскері сәл ғана жылжыған, ол Днепропетровск облысының оңтүстік-шығысында ғана жалғасып жатыр. Покровск, Константиновка және Купянскідегі майдан сызығы іс жүзінде тұрақты қалып отыр. Сумы облысында украин әскері шабуылдауға тырысып жатыр.

XS
SM
MD
LG