Accessibility links

АҚШ "Лукойл" мен "Роснефтке" санкция салды


Скотт Бессент
Скотт Бессент

АҚШ Дональд Трамп президенттігі тұсында алғаш рет Ресейге санкцияны қатаңдатты. Бұл жөнінде 22 қазанда хабарланды. Санкция тізіміне ресейлік ірі мұнай компаниялары "Роснефть" пен "Лукойл" енгізілді. Санкция сонымен бірге "Роснефть" пен "Лукойлдың" шамамен елу шақты еншілес компанияларын да қамтиды.

Бұл компаниялар осы айда Ұлыбританияның санкциясына да ілінген.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің мәлімдемесіне сүйенсек, шектеулер "Ресейдің Украина мәселесі бойынша бейбітшілік процесіне ықыласы жоқтығына" орай салынған.

"Қазір адам өлтіруді тоқтатып, атысты дереу тоқтататын шақ. Президент Путиннің бұл мағынасыз соғысты тоқтатудан бас тартқанын ескере отырып, қаржы министрлігі Кремльдің соғыс машинасын қаржыландыратын Ресейдің екі ірі мұнай компаниясына санкция салады" деп мәлімдеді Бессент.

Санкцияның қатаятыны 22 қазанда ол жөнінде жарияланғанға дейін бірнеше сағат бұрын белгілі болды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ресейден бейбітшілікке қадамдарды "ұзақ күткенін" және Мәскеуге қысым жасайтын мезгіл жеткенін мәлімдеді.

Сәуірде сенаторлар Линдси Грэм мен Ричард Блюменталь егер Мәскеу Украинамен келісімге бармаса, Ресейдің шикізатын сатып алатын елдерге 500-пайыздық баж салығын қарастыратын заң жобасын енгізген.

Бұл бастама президент Трамптың соғысты тоқтатуға талпынысы жөнінде мәлімдемелерінен кейін тоқтатылған. 20 қазанда сенатта көпшілік болып отырған республикашылдардың жетекшісі Джон Тьюн заң жобасы Трамптың Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуіне дейін шегерілгенін хабарлады.

Енді Трамптың Путинмен Будапеште кездеспейтіні белгілі болды.

22 қазанда Еуропа елдері Ресейге қарсы 19-санкция пакетін бекітті. Ол 23 қазанда қабылдануы мүмкін.

Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен жаңа шектеулердің арасында Ресей мұнайына шектік бағаны 60 доллардан 47,6 долларға (бір баррель) дейін төмендету, "Мир" төлем жүйесіне қарсы шектеу, "Роснефть" және "Газпром нефть" компанияларымен транзакцияларға тыйым салу сияқты шаралар бар.

Ресей батыс санкциясын заңсыз деп санайды.

XS
SM
MD
LG