АҚШ бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарар жобасына вето қойды. Құжат Газа секторында атысты "дереу, шартсыз және ұзақ мерзімге" тоқтатуды, сонымен бірге палестиналық анклавқа гуманитарлық көмек жеткізу бойынша Израиль қойған барлық шектеуді алып тастауды қарастырады.
Қауіпсіздік кеңесінің қалған 14 мүшесі қарарды қолдаған. Қауіпсіздік кеңесінің таңдаулы он мүшесі әзірлеген жоба ХАМАС ұстап отырған тұтқындардың барлығын дереу босатуға да шақырады.
"Бұл қарар Қауіпсіздік кеңесі ашыққан бейбіт тұрғындардан, тұтқындардан кері айналмайтындығының айқын үндеуі, белгісі болсын" деді БҰҰ жанындағы Дания елшісі Кристина Лассен.
БҰҰ жанындағы Израиль елшісі Дэнни Данон Израильге қарсы қарар тұтқындарға бостандық әпермейді және аймаққа қауіпсіздік әкелмейді деді. Израиль "Газа секторында жасанды түрде аштық тудырды" және "палестиналықтарға геноцид жасады" деген айыпқа үзілді-кесілді қарсы.
"АҚШ бұл қарарға қарсы. ХАМАС-тың тұтқындарды дереу босатып, қаруларын тастайтын мезгілі жетті. АҚШ бұл қантөгісті аяқтау үшін әріптестерімен жұмысты жалғастыра береді" деді вето қояр алдында БҰҰ жанындағы АҚШ өкілі Морган Ортагус. Оның сөзінше, Газа бойынша қарар ХАМАС-тың әрекетін тіке айыптап, Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын мойындауы керек.
2023 жылдың 7 қазан күнгі ХАМАС шабуылынан кейін Газа секторында басталған қарулы қақтығыс тұсында АҚШ Қауіпсіздік кеңесінің қарар жобасына осымен алтыншы рет вето қойып отыр.