Accessibility links

АҚШ-та жүк көлігін айдайтындарға талап күшейді. Орталық Азиядан барған тракшылар енді қайтпек?


АҚШ-та коммерциялық жүргізуші куәлігін (CDL) алу ережесі өзгеріп, жүк тасымалымен айналысатын мигранттарға жұмыссыз қалу қаупі төнді. Олардың арасында жүк көлігін айдап күнелтетін Орталық Азия тумалары да бар. Мигранттарға қойылған талаптың күшейтілуі, рейдтер мен ұстаулар олардың өмірін қатты қиындатып жатыр.

"Біздікілердің көбінде грин-карта немесе азаматтық жоқ"

Өзбекстандық Юсуф АҚШ-қа үш жыл бұрын Мексика арқылы барған. Басында курьер болып жұмыс істеп, кейін көптеген отандасы секілді ауыр жүк көлігі – трак айдауға көшті.

Мигранттар арасында трак айдауға сұраныс жоғары. Өйткені жүргізуші куәлігін алу салыстырмалы түрде жеңіл, табыс жоғары. Бірақ қазір мұның бәрі өзгеріп жатыр.

— Джо Байденнің президенттігі кезінде ағылшын тілін білмейтіндер тексеріс кезінде аудармашы көмегімен сөйлесе алатын. Сұрақтарына жауап берсеңіз, сізді жіберетін. Ал қазір ағылшын тілін бірінші кезекте тексереді. Мигранттардың көбі тіл білмейтіндіктен қиындыққа тап болып жатыр. Демократиялық штаттарда Оклахома, Айова немесе Флоридадағыдай қатты тексермейді. Тексеруін тексереді-ақ, бірақ республикалық штаттардағыдай емес, — дейді Юсуф.

Қыркүйектің аяғында АҚШ көлік министрлігі шетел азаматтарына коммерциялық жүк көлігін жүргізу куәлігін беруге шектеу қоятынын мәлімдеген. Жаңа ереже бойынша, жұмыс визасы жоқ, иммиграциялық статусы федералдық деңгейде тексерілмеген шетел азаматтарына ауыр жүк көлігін басқаруға куәлік берілмейді.

Ерлан Сыдықов
Ерлан Сыдықов

— Қазіргі жағдайды бәрі ауыр қабылдады. Өйткені біздің жүргізушілердің көбінде грин-карта немесе азаматтық жоқ, — дейді жүк тасымалымен айналысатын компанияға жетекшілік ететін Қырғызстан тумасы Ерлан Сыдықов. — Әрқайсысымен сөйлесіп, түсіндіріп жатырмыз. Оларға адвокаттарымен сөйлесіп, құқықтық статусын растайтын құжаттарды нақтылау керегін айтып отырмыз. Өйткені құжатсыз жүрген адамды жолдан ұстап алса, бірден детеншнге (ұстау орталығы – ред.) жібереді. Бұл жағдай біздің жүргізушілерге қатты әсер етеді. Шамамен жүргізушілердің 60-70 пайызы жұмыссыз қалуы мүмкін.

Трак айдап күн көретін қырғызстандықтар мұны растап отыр: жағдай қиындаған. Мирланның айтуынша, бұрын шетелдіктерге жүк көлігін айдау куәлігін бес жылға беретін, ал қазір "беруді доғарды".

Сапар дейтін тағы бір жүргізуші CDL куәлігінің мерзімі аяқталған соң, создыру үшін құзырлы мекемеге жүгінген.

— Маған: "Создыра алмаймыз, басқа куәлік бере алмаймыз, оны тоқтатып тастады" деп айтты, — дейді Сапар.

Ресми мәлімет бойынша, АҚШ-та шамамен төрт миллион кәсіби жүк көлігі жүргізушісі тіркелген. Оның ішінде Латын Америкасы, Африка және Орталық Азиядан келген ондаған мың мигрант бар.

Кейінгі жылдары АҚШ-та жүрген Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан тумаларының саны артқан.

Авторитар режим орнаған, жұмыссыздық деңгейі жоғары елдердің азаматтары Америкаға жайлы өмір іздеп барады. Иллинойс штатының ең ірі қаласы – Чикагоны әзілдеп Қырғызстанның сегізінші облысы деп атайды. Бұл қалада және оның айналасында ондаған мың қырғызстандық тұрады. Оның көбі заңды статус алып үлгермеген.

— Қырғызстан тумалары салада жұмыс істейді, — дейді Чикаго тұратын, АҚШ азаматтығын алып үлгерген қырғызстандық Әділет. — Байденнің тұсында жұмыс істеуге рұқсат, жүргізуші куәлігі секілді алғашқы құжаттарды алу жеңіл еді. Сол құжаттарға сүйеніп, трак айдайтын коммерциялық куәлікті оқып алуға болатын. Қырғызстандықтардың көбі тракте жұмыс істеу үшін келетін, өйткені бұл жұмыста көбірек табуға болады.

Қатаңдатудың астары қандай?

Барлығы Флоридадағы 12 тамыз күнгі жол апатынан басталды. Үндістандық мигрант жүргізген жүк көлігі рұқсат етілмеген жерден бұрылып, апат салдарынан үш адам қаза тапты. Заңсыз жұмыс істеді деп күдікке ілінген жүргізуші куәлікті Калифорнияда және Вашингтонда алған. Осы оқиғадан соң АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдіктерге ауыр жүк көліктерін айдауға рұқсат беретін жүргізуші куәлігін беруді тоқтатып тастады.

Кейінірек мемлекеттік хатшы Марко Рубио жүк көлігін айдауға ниетті шетелдіктерге жұмыс визасын беру тоқтатылғанын хабарлады. Осыдан соң көлік министрлігі азаматтығы не грин-картасы, я болмаса жұмыс визасы жоқ адамдарға CDL куәлігін беруді доғарды. Ал иммиграциялық статусын федералдық деңгейде тексеру міндетті болып қалды.

Көлік министрі Шон Даффи штаттардағы жергілікті билікке жүгінді.

"Салмағы 80 мың фунттан асатын, ауыр жүк таситын көліктерді айдау лицензиясы қауіпті шетелдік жүргізушілерге жиі заңсыз берілген. Бұл жолдағы әрбір отбасының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Бүгінгі шаралар қауіпті жүргізушілерді тоқтатып, заңсыз берілген лицензияларды жарамсыз деп тануға бағытталған.

Өзі АҚШ азаматтығын алған, қазір мигранттарға статусын заңдастыруға көмектесетін Өзбекстан тумасы Өткір Рахматуллаев тракшыларға арналған ережені күшейту талпыныстары Флоридадағы апатқа дейін-ақ болған дейді. Сәуірдің аяғында Трамп коммерциялық көлік жүргізетіндерге ағылшын тілін білуді міндеттейтін жарлық шығарды.

Құжатта "ағылшын тілін қауіпсіздік талабы" деп жазылған.

"Жүргізушілер жол белгілерін түсініп, полиция қызметкерлерімен, шекара және көлік қызметтерімен сөйлесе алуы керек және жұмыс берушілер мен және клиенттермен дұрыс тілдесе білуі қажет" дейді жарлық авторы.

— Олар ағылшын тілін нашар білетіндерге айыппұл салып, кейін оларды жүргізуші куәлігінен айырғысы келді, — дейді Өткір Рахматуллаев. — Бірақ іс жүзінде мұны жүзеге асыра алмады, себебі әр штаттың өз заңы бар. Жолдағы мигранттарды тексеретін офицерлерге қосымша міндет жүктегенімен, олардың жалақысын арттырмады: жұмыс көбейді, жалақы бұрынғыша. Тамызда үндістандық мигранттың қатысуымен апат болып, адамдар опат болды. Қоғамдық резонанс туып, АҚШ үкіметі қатаң шаралар қабылдай бастады.

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде рейд видеолары тарап жатыр: жүк көлігін айдайтын мигранттарды таразы бекеттерінде тоқтатып, құжаттарын тексереді де, ұстау орталықтарына алып кетеді.

— Барлығы қиын бола түсті, — дейді Әділет. — Бұрын берілген CDL куәліктерінің де күшін жойғысы келеді. Яғни жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатқа ғана сүйеніп алынған коммерциялық куәліктердің күшін жойғысы келеді. Дегеніне жете ме, жоқ па – әлі белгісіз. Бірақ әңгіме жүріп жатыр. Қазір иммиграциялық полиция мигранттарды "аулауға" көшті. Мысалы, Чикагода аудандарды аралап, адамдарды сыртқы келбетіне бола жосықсыз ұстап әкетіп жатыр. Бұған Америка азаматтарының өзі де түсіп қалып жатыр. Полицияның міндеті – адамдарды ұстап, детеншге жеткізу. Қалғанын сол жерде өздері пысықтайды. Құжаттарын тексеріп, кейбірін жібереді, кейбірін алып қалады. Білуімше, құжаты дұрыс еместерді депортациялайды. Қырғызстандықтардың көбі трактағы жұмысын тоқтатып, компаниядағы көліктерін тапсырып жатыр. Таразы бекеттерінде жүргізушілерді ұстау әсіресе Мексика шекарасына шақын штаттарда қаттырақ жүріп отыр. Жігіттер тәуекел етпей, күте тұрған дұрыс болмаса басқа жұмысқа ауысқан жөн деп отыр. Біздің жүргізушілердің саны әлдеқайда азайып қалды. Азаматтығы не грин-картасы барлары паспорттарын алып жүруге мәжбүр. Егер ұстау кезінде құжатты бірден көрсетпесе, алып кетеді.

Шығу жолы бар ма?

Осы жағдайды бақылап отырғандардың айтуынша, трак айдау талабын күшейтудің артында мигранттарды осы саладан кетіру ниеті тұруы мүмкін.

— Дәл осы жүргізушілер немесе жалпы алғанда эмигранттардың бірінші толқыны америкалықтарға қарағанда көбірек апат жасайды деген қандай да бір статистика бар ма? Байқауымша, бірінші толқындағы эмигранттар немесе босқын мәртебесін күтіп отырғандар қылмысты көбірек жасайды деп айтуға келмейді. Бірақ қазіргі әкімшілік осы жағдайды ілік ретінде пайдаланып, өз дегеніне жеткісі келеді. "Қараңдар, жаман эмигранттар келіп апат жасап жатыр, ағылшын тілін, [жол жүру] белгілерін білмейді, сендердің жұмыстарыңды тартып алып жатыр" дейді. Сөйтіп отырғаны анық, — дейді бұрынғы журналист, қазір АҚШ-тағы иммиграция бойынша маман Марина Соколовская.

Соколовская жағдай қиындаса да, түңілетін ешнәрсе жоқ деп санайды. Мигранттар кетіп қалғаннан бұл сала құлдырап қалмайды, ал мигранттар басқа жұмысқа ауыса —алады.

— "Енді не істейміз, қайтіп күн көреміз?" дейтіндер көп. Бірақ олардан өзге салалардан ешкім айырып отырған жоқ. Орыстілді эмигранттарсыз немесе Совет одағында болған елдерден келген эмигранттарсыз бұл сала күйрейді деп ойлайтындар бар. Бірақ бұл сала шекара ашылғанға дейін талай жұмыс жұмыс істеген. Бұрыннан бар еді. Кейін шекара ашылып, 2022 жылға дейін орыстілді тракшылар жұмыс істейтін орыстілді компаниялар, өз тілінде емтихан тапсыруға болатын орыстілді мектептер көп болды, — дейді ол.

Кей мигранттар бұл пікірге келіседі. Ереженің өзгеруі Орталық Азиядан АҚШ-қа трак айдау үшін ғана келген мигранттардың өмірін қиындататыны рас. Бірақ осы жағдай оларды заңдық статус алуға, тұрақты жұмысқа орналасуға итермелеуі мүмкін.

Омар Жүсіпбеков
Омар Жүсіпбеков

— Үлкен жүк көліктерінен бөлек шағын жүк таситын көлік құралдары бар. Оларға коммерциялық жүргізу куәлігі талап етілмейді. Меніңше, көбі осы салаға ойысуы мүмкін, — дейді Чикагодағы қырғыз диаспорасының басшысы Омар Жүсіпбеков мигранттар өзге саладан да жұмыс таба алатынын еске салып. Қиындыққа тап болған адам ұмтылысын тоқтатпайды, өзге де тұрақты жұмысқа, жақсы кәсіпке талпынады.

XS
SM
MD
LG