Accessibility links

Орталық Азияда мақта теруге мұғалім, оқушыдан бастап сотталғандарды да жегеді


Түйін

  • Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанда мемлекеттік қызметкерлер мен оқушылар, студенттер мақта теруден бас тартса, жазалануы мүмкін.
  • Билік мақта теру ерікті іс деп сендіреді, бірақ жұртты жұмысқа мәжбүрлейтініне дәлелдер бар. Кейбір жұмысшылар мақта термеу үшін шенеуніктерге пара береді я басқа адамдарды жалдайды.
  • Реформалар мен халықаралық мәлімдемелерге қарамастан мақта саласын билік әлі бақылайды. Ал мақта жинаушылар мен фермерлердің табысы төмен.

Медқызметкер Хурматой (есімі өзгертілді) ауылдағы бір қабатты медпунктіде укол салып, қан қысымын өлшеп, үйінде науқастанып жатқан жандарға барып жүр. Тәжікстандағы Соғды облысындағы 300 адам тұратын ауылдың медбикесі мақта теруге де барып келгеніне көп болған жоқ.

"Өткен аптада бірнеше мемлекеттік қызметкер бір апта мақта тердік. Бізге жиналатын төсек алып келуді тапсырды, біз мақта алқабының маңында қолдан жасалған жатақханада жаттық. Таңнан кешке дейін мақта тердік. Түскі асқа аз ғана үзіліс болды" дейді ол.

Мақта – Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін маңызды сектор. Өзбекстан жылына 1,3 млн тонна мақта жинап, әлемде мақта өндірісі бойынша ондыққа кіреді. Одан кейін Түркіменстан (800 мың тонна) мен Тәжікстан (500 мың тонна) тұр.

Хурматой – күзде Тәжікстанда мәжбүрлі түрде мақта теруге шыққан мыңдаған дәрігер, мұғалім, мемлекеттік қызметкер мен студенттердің бірі. Мақта теру уақыты тамыз-қараша арасында жүреді. Бұл уақытта мектептерде, ауруханаларда, мемлекеттік мекемелерде жұмысшылар азаяды.

Мақта теріп жүрген әйел. Көрнекі сурет.
Мақта теріп жүрген әйел. Көрнекі сурет.

Бұл елдердің билігі мемлекеттік қызметкерлерді, дәрігерлерді, мұғалімдерді және оқушыларды жұмысқа жегетіні жайлы жиі сынға ұшырайды. Жұмысшылар мен құқық қорғаушылардың дерегінше, қызметкерлер жұмыстан қуылудан, оқушылар мен студенттер жазаланудан қорқады.

Ауыр жұмысқа шыққысы келмейтін қызметкерлер шенеуніктерге пара беруге мәжбүр не басқа адамды жалдайды. Тәжікстан мен Түркіменстанда мақта теруге шыға алмайтындар басқа адам табуы тиіс.

Құқық қорғау ұйымдарының қысымы мен халықаралық санкциялардан кейін мақта тергізуге жегу азайғандай болған еді, бірақ Хурматойдың оқиғасы бұл жағдайдың жалғасып жатқанын көрсетеді.

Хурматойдың айтуынша, түскі, кешкі, таңғы асты мақта терудің ақысынан ұстап қалады.

"Сондықтан табысымыз өте аз. 48 жастағы мен сияқты адамға жұмыс ауыр. Белім ауырады. Бірақ мақта теруге шықпасам жұмыстан қуады" дейді ол Азаттыққа.

"ЕРІКТІ" НАУҚАНҒА МӘЖБҮРЛЕУ

Билік мақта жинауға шығу ерікті дейді, бірақ Азаттық жинаған жергілікті хабарлар мен куәгерлер мұнымен келіспейді.

Тәжікстанның Хатлон облысында мектеп пен колледждерде мұғалім, оқушы, студенттерді "бос уақытында мақта теруге жіберген". Облыстағы Бохтар мемлекеттік университетінің екі оқытушысы Азаттыққа демалыс күндері мақта теруге шығуға мәжбүр болғандарын айтады.

Өзбекстанның бірнеше аймағында мұғалімдер, медбикелер мен мемлекеттік қызметкерлер "ерікті түрде" мақта теруге шығуға "мәжбүр болған".

"Мектептегі барлық жұмысшы – мұғалім, күзетші, техниктер мен әкімшілік қызметкерлердің бәрі мақта теріп жүр" дейді Вухара облысы Олот ауданындағы мұғалім Азаттыққа.

"Біреу келіп сұраса ерікті түрде шықтым деп айтыңдар деген тапсырма болды" дейді аты-жөнін атамауды сұраған мұғалім.

2016 жылы Өзбекстанда билікке келген Шавкат Мирзияев мақта теруге мәжбүрлеу мәселесін жоямын деген. Себебі H&M, Nike және Walmart "балаларды жұмысқа жекті" деп Өзбекстанның мақтасына бойкот жариялаған еді.

2023 жылы Мирзияев БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен "бұл мәселе толық жойылды" деген. Биыл құқық қорғау ұйымдары мақта теруге "ерікті түрде" шығарып жатыр дейді.

26 қыркүйекте Мирзияев мақтаны тез жинап алу үшін он күндік төтенше жағдай жариялаған еді. Биыл Өзбекстан 875 мың гектарға мақта егіп, 3,7 млн тонна мақта жинауды мақсат етеді.

Ал 14 қазанда елдің еңбек министрлігі "мақта теруге жеккен" 70 жағдай анықталғанын айтып, "жұмысқа мәжбүрлеуге тыйым салынады" деді. Тіпті жергілікті бірнеше шенеунікке айыппұл салды. Олардың арасында Сурхандария облысындағы әкімнің орынбасары бар. Оған "адамдарды мақта жинауға жібермегені үшін ауыл комитетінің мүшелерін балағаттағаны үшін" 2,6 млн сум (1720 доллар) айыппұл берген.

Өзбекстандағы мақта теру науқаны
Өзбекстандағы мақта теру науқаны

Түркіменстанда билік мақта теруге жаппай шығаруды ашық қолдайды. Билік мақта алқабына фермерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден бөлек солдаттарды, сотталғандарды, алимент төлемегендерді жібереді.

"Сендер мемлекеттен жалақы алып отырсыңдар деп мемлекеттік қызметкерлерге мақта тергені үшін ақы бермейді" дейді Түркіменстан тұрғындарының бірі Азаттыққа.

"ЛАЙЫҚТЫ АҚЫ БОЛСА ЖҰРТТЫҢ ӨЗІ ДЕ ТЕРЕР ЕДІ"

Сарапшылар Орталық Азияда мақта саласындағы реформалар мен халықаралық қысымға қарамастан теру науқанына адамдарды мәжбүрлеу әлі сақталғанын айтады.

"Мақта секторына реформа жасалмады. Мирзияевтің реформасы саяси әрекет болды, яғни, уақытша тоқтатты. Бірақ жүйе бәрібір қалды" дейді британиялық Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының директоры Алишер Ильхамов.

Душанбеде тұратын экономист (қауіпсіздігі үшін аты-жөнін айтпауды сұрады) "оқушы, студент, мемлекеттік қызметкерлерді мақта алқабына "ерікті" мәжбүрлеп жіберу – шешім емес" деп санайды.

"Үкімет мақта жинаушылар мен фермерлердің еңбекақысын өсіргенде бәрі мақтаны өз еркімен терер еді. Ал мемлекет мақтатан түсетін табыстың көп бөлігін өзі алып отыр" дейді ол.

XS
SM
MD
LG