Accessibility links

Росархив зерттеушілерді саяси қуғын-сүргін істерімен танысу мүмкіндігінен айырды


Ресей мұрағат агенттігі (Росархив) зерттеушілерді ел мұрағаттарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы құжаттармен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырды. Құжаттарға "қызмет бабында қолдану үшін" деген белгі қойылған болуы ықтимал. Бұл туралы "Коммерсантъ" басылымы хабарлады.

Басылымның жазуынша, бұл қадамның нақты себебі белгісіз. Бірақ газет бұл шешімді Росархивтің наурыздағы бұйрығымен байланыстырады. Сол бұйрықта құжаттарға "қызмет бабында қолдану үшін" белгісін қою тәртібі қарастырылған.

Агенттіктің айтуынша, мұндай құжаттар туралы мәліметтер құпияландырылған. Бірақ агенттік сөйте тұра құжаттарды құпияландыру жөніндегі комиссия бұл мәселені әлі қарастырмағанын мәлімдеп отыр. Бұған қарағанда, құжаттарды түпкі шешім қабылдамай тұрып жауып тастаған.

Росархивтің мәлімдеуінше, жабық құжаттар тізімі бекітілген, бірақ жарияланбаған, өйткені тізімнің өзі жабық құжат.

Росархивке құпия емес құжаттарды жабуға былтырғы үкімет қаулысы мүмкіндік беріп отыр. 2024 жылы Ресей үкіметі қолжетімділігі шектеулі қызметтік ақпарат туралы қаулы қабылдаған. Онда "Ресей Федерациясы мүддесіне қауіп төндіретін мәліметтердің таралуын" шектеуге болатыны жазылған.

Мәскеулік адвокат Владимир Редекоп президент әкімшілігіне хат жазып, бұл шешімнің себебін сұраған. Әкімшілік жауап беріп, бұл қадамға "дос емес елдердің бұрын-соңды болмаған экономикалық, саяси және ақпараттық қысымынан" барғанын айтқан.

Кремль дос емес елдер мен аумақтардың теріс мақсатта пайдалануына жол бермеу үшін мұрағаттағы мәліметтерді қорғау керек деген.

XS
SM
MD
LG