Accessibility links

FT: Қытай жүк кемесі Қырым портына қатынай бастады


Севастополь порты, 15 қазан 2019 жыл.
Севастополь порты, 15 қазан 2019 жыл.

Кейінгі айларда қытайлық Guangxi Changhai компаниясына тиесілі Heng Yang 9 кемесі аннексияланған Қырым түбегінде кемі үш мәрте бой көрсеткен. Бұл туралы украин шенеуніктеріне сілтеп Financial Times басылымы хабарлады.

Украина президенті офисінің дерегінше, биыл жазда кеме кемі екі рет Севастопольға барған. Кеме Севастопольдің портында 19-22 маусым аралығында болған. Сондай-ақ ол аталмыш портқа 15 тамыз күні де жүк түсіруге өтініш берген. Содан кейін кеме Түркия порттарына соғып, ары қарай Египетке бет алған.

Financial Times басылымының жазуынша, қыркүйек айында екі апта бойы Қара теңізде болып өзінің қозғалыс бағытын жалған деректер беру арқылы жасырмақ болған. Транспондер дерегі бойынша, кеме "Кавказ" портына бағыт алған, бірақ нәтижесінде Севастопольге барған. Мұны спутник суреттері көрсеткен.

Ресей 2014 жылы Украинадан Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Батыс елдері Севастопольдегі портты қолдануға санкция жариялаған. Қытай Ресейге қарсы санкцияларды қолдамағанымен, елдің коммерциялық кемелері Қырым порттарынан қашқақтап жүрген.

Украина президентінің санкциялық саясат жөніндегі өкілі Владислав Власюк басылымға берген сұхбатында Украинаның Пекиндегі елшілігі Қытай сыртқы істер министрлігімен осы мәселені талқылағанын айтты.

"Бұл жағдайды үзілді-кесілді құптамайтынымызды білдірдік" деді ол.

Власюктің сөзінше, Қытай сыртқы істер министрлігі өз жауабында Қытай азаматтары мен компанияларын Украинаның оккупацияланған аумақтарына бармауға үндейтінін айтқан.

XS
SM
MD
LG