Accessibility links

Бішкек соты құқық қорғаушы Рита Қарасартоваға бес жыл шартты жаза берді


Рита Қарасартова
Рита Қарасартова

18 қыркүйекте Бішкектің Свердловск аудандық соты құқық қорғаушы Рита Қарасартоваға үкім оқыды. Сот Қарасартованы "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл шартты жаза тағайындады. "Билікті күштеп басып алуға шақыру" бабы бойынша оған 50 мың сом көлемінде айыпппұл тағайындады.

"Қарасартованы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты. Алайда біз сот шешіміне келіспейміз және жақын арада апелляцияға береміз" деді адвокат Жаныш Бараков.

Бұған дейін прокурор Қарасартованы он жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Рита Қарасартовадан бөлек, бұл істе тағы үш адамға айып тағылған. Судья оларға да осыған ұқсас шешім шығарды. Олардың аты-жөндері әзірге жарияланбады.

Рита Қарасартова биыл 14 сәуірде ұсталған, оның үйінде тінту жүргізілді. Содан бері құқық қорғаушы Бішкектегі №1 тергеу изоляторында отырды. Қарасартова өзінің ұсталуын әлеуметтік желідегі жазбасымен байланыстырады. Желіде жарияланған хат белсенді Тілекмат Құдайбергенұлына тиесілі деп айтылады.

Шу облысының ішкі істер басқармасы іске "құпия" белгісін қойғандықтан сот процесі жабық өтті.

Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қарасартованың ұсталуына алаңдаушылық білдіріп, Қырғызстан билігінен оны босатуды талап еткен.

Осыған дейін Рита Қарасартова Кемпірабад ісі бойынша да сотқа тартылып, өзге саясаткерлермен ақталып шыққан.

XS
SM
MD
LG