Accessibility links

Reuters: Украина Покровскіге тікұшақпен арнайы жасақ тобын түсірді


Покровскідегі шайқас.
Покровскідегі шайқас.

Украина осы аптада жағдайды тұрақтандыру үшін Покровскідегі шайқастарға арнайы жасақ тобын түсірді. Бұл жөнінде Украинаның әскер саласындағы дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.

Агенттіктің жазуынша, Ресей осы аумақтағы Украина күштерін қоршап алдық деп мәлімдеген тұста арнайы жасақтың келгені хабарланып отыр. Егер Ресей Покровскіні – өте маңызды көлік және темір жол торабын басып алса, әрі қарай Донецк облысының шығысына қарай жылжуына жол ашуы мүмкін. Орыс әскері Донецк облысын тұтас басып алуды көздеп отыр. Ресей әскері бір жылдан бері Покровскіге жылжып келеді.

Reuters-тің десант-штурмдық жедел қимылдау корпусындағы дереккөзінің айтуынша, Украина бас барлау басқармасының арнайы жасағы бірнеше күн бұрын Покровскіге Black Hawk тікұшағынан түскен. Операцияға Украина әскери барлау қызметінің жетекшісі Кирилл Буданов жетекшілік етеді.

Reuters көрген видеода кемінде 10 әскери қызметкердің тікұшақтан түсіп жатқаны көрінеді. Ақпарат агенттігі видеоның қашан түсірілгенін және түсіру орнын растай алмағанын айтады.

Ресей қорғаныс министрлігі сенбі күні мәлімдеме таратып, ресейлік әскери қызметкерлер Красноармейск елдімекенінің солтүстік-батысы аумағында Украина барлау қызметінің арнайы күштерінің келуіне мүмкіндік бермегенін хабарлады.

"Тікұшақтан түскен барлық 11 адам өлтірілді" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Ал BBC мен Reuters дереккөздері ақпаратты жоққа шығарып, аумақта арнайы жасақ әлі де қимылдап жатқанын айтты.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері шабуылдап жатқан Покровскіде ахуал ауыр екенін, онда 170 мың орыс әскері шоғырланғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG